Дүйсенбіде жаңартылатын WTA рейтингісінде ресми түрде екінші орынға көтерілетін қазақстандық теннисші финалда әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкоға тап келді, деп жазады Kazinform.
Қарсыластар өзара осыған дейін 15 рет кездесіп, соның сегізінде Соболенко ұтқан еді.
Индиан-Уэллс жарысы бесінші «Үлкен дулыға» турнирі есебінде аталады. Бұдан үш жыл бұрын финалда Рыбакина Соболенконы жеңіп, осы додада алғаш рет топ жарған еді. Сонымен қатар 2025 жылы WTA қорытынды турнирі мен биылғы Аустралия ашық чемпионатының соңғы бәсекесінде белоруссиялық теннисшіні қапы қалдырған болатын.
Бұл жолы бірінші партияда есеп 3:2 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасай білді. Сол басымдылығын сақтап қала алды – 6:3.
Екінші сетті теннисшілер брейк алмасумен бастады. Содан кейін Соболенко 3:1 есебімен алға кетіп, мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:3.
Үшінші, шешуші партияда есеп 1:1 болып, Елена доп берді. Ол 40:0 есебімен алда тұрып, өз геймін беріп қойды – 1:3. Дегенмен белоруссиялық теннисші матчқа доп бергенде, таразы басын теңестіре алды – 5:5. Рыбакина тай-брейкте матчболын пайдалана алмады – 6:7 (6:8).
Екі сағат 31 минутқа созылған тартысты бәсекеде Рыбакина 12 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың тек үшеуін пайдаланды. Соболенко 10 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Осылайша Рыбакина тек соңғы бәсекеде ғана сүрінді. Спортшыларға 35 градус ыстықта ойнау да оңайға түскен жоқ.



