
Өскемен қаласындағы көпсалалы технологиялық колледжінің ұжымына жаңа Ата заңды түсіндіруге арналған кездесу өтті. Кездесуге өңірлік коалициясының мүшелері Әсемгүл Абзалова және Анжела Горностаева қатысты.
Кездесу барысында қатысушыларға жаңа Ата заңда ең алдымен адам, оның құқықтары мен бостандықтары басты құндылық ретінде айқындалғаны туралы айтылды. Егер қолданыстағы редакция көбіне мемлекеттің мүддесі мен өкілеттіктерін айқындауға бағытталса, жаңа нұсқада ел дамуының басты өлшемі ретінде адам факторы алдыңғы орынға қойылғаны атап өтілді.
«Жаңа Конституция жобасы – ел дамуының жаңа бағытын айқындайтын маңызды құжат. Онда мемлекеттің басты құндылығы ретінде адам және оның құқықтары мен бостандықтары көрсетілген. Бұл – қоғам дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанымыздың белгісі. Адами капиталға басымдық беру арқылы Қазақстан білімге, ғылым мен инновацияға сүйенетін заманауи мемлекет құруға ұмтылып отыр. Сондықтан бұл құжат елдің технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекеттердің қатарына қосылуына серпін беретін стратегиялық негіз болмақ», – деді коалиция мүшесі Әсемгүл Абзалова.
Сондай-ақ Конституцияның II бөлімі «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттерге» толық арналатыны, ал ел дамуының стратегиялық негізі ретінде адами капитал – азаматтардың білімі, қабілеті мен еңбегі ерекше маңызға ие екені түсіндірілді.



