2026 жылғы 12 наурызда Жезқазған қаласында су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесіне арналған брифинг өтті. Брифинг спикері – Жезқазған қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Дидар Нұртуғанұлы Құйқабаев.
Брифинг барысында 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтылды. Қала әкімінің 2026 жылғы 16 қаңтардағы №4 өкіміне сәйкес өңірді су тасқыны кезеңіне дайындау бойынша алдын алу іс-шараларының жоспары бекітілген.
Су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайларды жою үшін 106 адам, 51 бірлік техника, 2 жүзу құралы бар 9 авариялық-құтқару қызметі, сондай-ақ азаматтық қорғау құралымдары жұмылдырылады.
Төтенше жағдайларға күштер мен құралдардың дайындығы 25–27 ақпан аралығында өткен «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы барысында тексерілді.
Қазіргі уақытта материалдық қорлар дайындалған. Атап айтқанда: 7,1 тонна жанар-жағар май, 1,8 тонна азық-түлік, 3 тонна инертті материал және 3000 қап әзірленген.
2026 жылы төтенше жағдайларға арналған қала резерві 1 млрд теңгені құрайды.
Су басу қаупі бар аумақтар да анықталған. Оларға Жезқазған қаласының қалаішілік көшелері, Малшыбай ауылындағы 2 тұрғын үй және Аварийный кентіндегі 5 тұрғын үй жатады. Аталған аумақтардың тұрғындарын алдын ала хабардар ету жұмыстары жүргізілуде.
Қала аумағында Кеңгір, Жезді және Қарасу су қоймалары орналасқан. Кеңгір және Жезді су қоймаларындағы су деңгейі 4 гидропост арқылы тұрақты бақылауда.
Сонымен қатар ҚазАвтоЖол (ДЭУ-44) және «Транко Жез» ЖШС су өткізу құрылыстарын тазалау жұмыстарын жүргізуде. Жалпы 9 көпір мен 60 су өткізу құбыры тазартылатын болады.
Брифинг соңында спикер тұрғындарды су тасқыны кезеңінде қауіпсіздік ережелерін сақтауға және төтенше жағдайлар қызметінің ескертулеріне мұқият болуға шақырды.




