Қоғам

Адами капиталды дамыту – Жаңа Конституцияның стратегиялық бағыты

Өскемен қаласындағы Дәулет Серикбаев атындағы ШҚТУ жанындағы Жоғары IT колледжінің ұжымымен кездесу өтті. Кездесу барысында коалиция мүшелері Жаңа Ата заң жобасының білім беру саласына қатысты 33-бабын кеңінен түсіндірді.

Аталған бапта Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік оқу орындарында бастауыш және орта білімді тегін алуға кепілдік берілетіні, оның міндетті екені нақты көрсетілген. Сонымен қатар, азаматтардың мемлекеттік жоғары оқу орындарында конкурс негізінде жоғары білім алуға құқығы бары, жекеменшік оқу орындарында білім алу заң аясында жүзеге асырылатыны айтылды.

«Жаңа Конституция жобасындағы білім беру саласына қатысты нормалар – болашаққа салынған инвестиция. Әсіресе адами капиталды дамытуға басымдық берілуі – дұрыс стратегиялық шешім. Бұл жастарға сапалы білім алып, өз әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік береді. Сондықтан да сіздерді 15 наурызда өтетін референдумға белсенді қатысуға шақырамыз», – деді коалиция мүшесі Сергей Коротин.

Мемлекет білім берудің жалпыға міндетті стандарттарын белгілейтіні және барлық білім беру ұйымдарының қызметі осы талаптарға сай болуы тиіс екені ерекше атап өтілді. Сондай-ақ, діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, еліміздегі білім беру жүйесінің зайырлы сипатта болатыны да түсіндірілді. Жаңа Конституция жобасында адами капиталды дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыттарының бірі ретінде айқындалған.

TuraNews

Back to top button