Қоғам
Trending

Ата Заңды қолдау мен алғыс құндылығы ұлықталған тағылымды кеш

Қасым Қайсенов кентіндегі Ұлан аудандық музыка мектебінде Ата Заң жобасын қолдауға бағытталған және 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Алғысқа толы жүрек, мейірімге толы әлем» атты салтанатты кеш өтті. Тағылымдық мазмұнға құрылған іс-шара қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтуға, ризашылық мәдениетін дәріптеуге және ел дамуына ортақ жауапкершілік қағидатын насихаттауға арналды.

Кештің негізгі идеясы – Ата Заң жобасының мән-маңызын түсіндіру арқылы азаматтық белсенділікті арттыру, қоғамдық келісім мен тұрақтылық құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығын нығайту болды. Іс-шараға ұстаздар, ата-аналар, ардагерлер мен оқушылар қатысып, ел болашағына қатысты маңызды мәселелер төңірегінде ой бөлісті.

Салтанатты жиынды аудандық балалар музыка мектебінің директоры Бақытжан Аханова ашып, жиналған қауымды мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде Алғыс айту күнінің тарихи және рухани маңызына тоқталып, бұл күннің қоғамдағы өзара құрмет, мейірім мен ынтымақтың символына айналғанын атап өтті. Сонымен қатар Ата Заң жобасы елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған стратегиялық маңызы бар құжат екенін жеткізіп, барша қазақстандықтарды ел болашағына бейжай қарамауға шақырды.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аймұхамет Бакимбаев та сөз сөйлеп, жас ұрпаққа ақ батасын берді. Ол өз сөзінде тәуелсіз мемлекеттің іргесі берік болуы қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікке тікелей байланысты екенін атап өтіп, аға буын мен жас буын арасындағы сабақтастықтың маңыздылығына ерекше тоқталды. Ардагерлердің жүрекжарды тілектері мен алғыс сөздері кештің тәрбиелік мазмұнын тереңдете түсті.

Мерекелік бағдарлама аясында мектептің өнерлі оқушылары ән мен күйден шашу шашып, аспаптық шығармаларды жоғары деңгейде орындады. Домбыра, фортепиано және скрипка сыныптарының шәкірттері ұсынған музыкалық туындылар көрермендерге ерекше әсер сыйлап, патриоттық мазмұндағы нөмірлер залдағы рухани атмосфераны айшықтай түсті.

Шара барысында ұстаздарға, ата-аналарға және ардагерлерге алғыс хаттар табысталып, олардың жас ұрпақты тәрбиелеудегі еңбегі айрықша атап өтілді. Бұл – қоғамдағы еңбекке құрмет пен ізгілік құндылықтарын дәріптеудің нақты көрінісі болды.

«Алғысқа толы жүрек, мейірімге толы әлем» атты кеш тек концерттік бағдарлама емес, қоғамдық сананы жаңғыртуға, Ата Заң жобасының маңызын кеңінен түсіндіруге және азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған мазмұнды рухани алаңға айналды.

Осындай мазмұнды іс-шаралар қоғамдағы өзара сенім мен сыйластықты нығайтып, жас ұрпақ бойында патриоттық сана мен елге деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға ықпал ететіні сөзсіз.

TuraNews

Back to top button