Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесімен тұспа-тұс келген бұл бастама екі бауырлас ел арасындағы рухани алтын көпірді нығайта түспек. Тарихы тереңде жатқан, XVIII ғасырда іргесі қаланған Рами кітапханасының қабырғасында «Қазақстанның ғылыми және әдеби бұрышының» салтанатты түрде ашылуы – тек кітап сөрелерінің толығуы емес, бұл ұлттық құндылықтарымызды халықаралық деңгейде паш етудің айқын көрінісі болды.
Аталмыш жоба еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты «Ғылым ордасы» кәсіпорнының ұйытқы болуымен және Ыстанбұлдағы Бас консулдықтың қолдауымен жүзеге асты. Жиналған қауымға таныстырылғандай, арнайы бұрыштың негізгі мұраты – түрік оқырмандары мен шетелдік зерттеушілерге қазақ халқының сан ғасырлық ғылыми және әдеби мұрасын жақынырақ таныстыру. Шара аясында Орталық ғылыми кітапхананың алтын қорынан іріктелген бес жүзден астам құнды жәдігер Рами кітапханасына тарту етілді. Олардың қатарында сирек кездесетін қолжазбалар мен іргелі ғылыми зерттеулерден бастап, заманауи көркем әдебиет үлгілеріне дейінгі баға жетпес еңбектер бар.

Жиынға ТҮРКСОЙ өкілдері, түрік зиялы қауымы мен Түркияда білім алып жатқан жастар қатысып, бұл қадамның екі елдің мәдени-гуманитарлық ықпалдастығына қосар үлесін жоғары бағалады.
Рами кешенінің бүгінде «тірі кітапхана» ретінде әлемдік платформаға айналуы, қазақ кітаптарының дәл осы жерде орын тебуіне ерекше маңыз береді. Осылайша, алты миллионға жуық сирек басылымды сақтап отырған отандық кітапхана қорының бір бөлшегі енді Ыстанбұлдың қақ ортасында оқырман назарына ұсынылып, ұлттық ғылымымыздың көкжиегін кеңейте түспек.


