2026 жылғы 20 ақпанда Мемлекет басшысының «2026 жыл – цифрландыру және жасанды интеллект жылы» атты қаулысын іске асыру аясында Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы «Жасанды интеллект дәуіріндегі тілдік өзгерістер» тақырыбында облыстық семинар өткізді.
Іс-шараға облыс қалалары мен аудандарындағы тілдерді оқыту орталықтарының қызметкерлері қатысты. Спикерлер ретінде Өскемен қаласындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебі» жаратылыстану-математикалық бағыттағы филиалының, Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің оқытушылары, сондай-ақ Өскемен қаласы әкімдігінің «Оралхан Бөкей атындағы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» мекемесінің өкілдері баяндама жасады.
Семинар барысында білім беру саласында жасанды интеллект пен тілдік модельдерді қолданудың өзекті мәселелері қарастырылды. Қатысушылар жасанды интеллекттің білім беру үдерісіндегі мүмкіндіктері арқылы қазақ тілін дамыту, тілдегі калька элементтерін цифрлық құралдардың көмегімен тазарту, заманауи сабақты даярлауда ЖИ қолдану, цифрландыру жағдайындағы академиялық жазылымның трансформациясы, сондай-ақ қазақ тіліндегі сауатты жазу мәдениетін қалыптастыру мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар оқытуда, ғылыми зерттеулерде және педагогтердің кәсіби дамуы барысында жасанды интеллектті этикалық тұрғыда қолдану мәселесіне ерекше назар аударылды. Тарих сабақтарында қазақтың тарихи терминдерімен жұмыс істеуде ЖИ мүмкіндіктерін пайдалану бойынша практикалық тәсілдер ұсынылды.
Практикалық бағытта өткен семинар тәжірибе алмасу алаңына айналып, қазіргі білім беру талаптарына сәйкес мамандардың кәсіби дамуына серпін берді.



