ҚоғамСпорт
Trending

Сабина Алтынбекова өзі жайлы жазған редакцияны сотқа бермекші

Белгілі волейболшы Сабина Алтынбекова өзінің жеке өмірі мен отбасылық мәртебесіне қатысты жалған ақпарат таратқан басылымдарға қарсы шұғыл мәлімдеме жасады. Спортшы Orda.kz порталының үстінен шағым түсіріп, өз құқығын сот арқылы қорғауға дайын екенін жеткізді.

Шиеленіс 16 ақпанда Бакуде өткен ҰОК басшысы Геннадий Головкин мен Сабина Алтынбекова қатысқан іс-шара туралы ақпараттан басталды. Басылым бұл жаңалықты «Головкин бір күнге Бакуге барды. Сол жерде ажырасқан Сабина Алтынбекова да болды» деген тақырыппен жариялаған. Оқырман қауым мұндай тақырыпты әдепсіздік деп танып, журналистердің әрекетін бірден сынға алды.

Сабинаның айтуынша, аталған ресурс оның жеке өміріне қатысты 15-ке жуық материал жариялап, барлығында дерлік оны «ажырасқан» деп көрсеткен. Волейболшы бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын және оның ар-намысына нұқсан келтіретінін айтып, Instagram парақшасында былай деп жазды:

«Мен жеке өмірім туралы ақпарат таратуға рұқсат берген жоқпын. Ақпаратты бұлай беру менің ар-намысымды, абыройымды қорлайды. ҚР заңнамасында кепілдік берген жеке өмірге қол сұғылмаушылық туралы құқығымды бұзды».

Алтынбекова редакциядан мынадай талаптардың орындалуын сұрап отыр:

  1. Жеке өмірі туралы материалдарды дереу өңдеу немесе толықтай өшіру;

  2. Жеті күн ішінде ресми түрде кешірім сұрау;

  3. Атқарылған жұмыс туралы жазбаша есеп беру.

Егер бұл шарттар орындалмаса, спортшы моральдық шығын өтемақысын талап етіп, істі сотқа дейін жеткізбек.

Сабина Алтынбекова әйел адамның қоғамдағы орны тек отбасылық жағдайымен өлшенбеуі тиіс екенін баса айтты.

«Ажырасқан депті. Әйел емес, тұлға емес, спортшы емес. Дәл «ажырасқан» деп жазған. Бірақ ажырасу ол таңба емес, ол – өмірдегі бір кезең. Мен әйелмін, анамын, кәсіби маманмын. Менің отбасылық статусым менің құндылықтарымды анықтамайды», — деп түйіндеді ол.

Қазіргі таңда аталған басылым тарапынан ресми жауап берілген жоқ.

Via
kursiv.media.kz

TuraNews

Back to top button