2026 жылы қасиетті Рамазан айы 19 ақпанда басталып, 19 наурызға дейін жалғасады. Бұл кезеңде мұсылмандар ораза ұстап, рухани кемелденуге ұмтылады. Ораза тек ішіп-жеуден бас тарту ғана емес, ол – сабыр сақтау, нәпсіні тыю және жүректі тазарту жолы.
Нәби мешітінің имамы Асхат Өтеповтің айтуынша, ораза – ислам дінінің бес парызының бірі. Оны ықыласпен орындаған адам Алланың разылығына үміт етеді.
Имамның сөзінше, ораза адамның рухани тазарып, иманының күшеюіне ықпал етеді. Бұл – көпшілікке көрсету үшін емес, Жаратушының разылығы үшін жасалатын құлшылық. Пайғамбар хадисінде: «Адам баласының әрбір ісі өзі үшін, ал ораза – Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін» делінген. Сондықтан оразаның сауабы мол әрі оның қадірін терең түсіну маңызды.
Оразаның тәрбиелік маңызы
Ораза адамды өзін-өзі тәртіпке шақырады. Таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден және өзге де тән қалауларынан бас тарту сабыр мен төзімділікті қалыптастырады.
Сонымен қатар ол шүкіршілік сезімін арттырып, мұқтаж жандардың халін түсінуге үйретеді. Осы айда Құран оқу, тарауих намазын орындау, садақа беру, игі амалдарды көбейту ерекше сауап саналады.
Кімдерге ораза парыз, кімдерге жеңілдік бар?
Ораза балиғат жасына толған әрбір мұсылманға парыз. Қыз балаларда бұл – етеккірдің келуімен, ұл балаларда алғашқы шәует бөлінуімен анықталады.
Алайда кейбір жағдайларда ораза ұстамауға рұқсат етіледі. Атап айтқанда:
- денсаулығына байланысты сырқат адамдарға;
- әлсіз қарттарға;
- жүкті және емізулі әйелдерге;
- етеккір кезеңіндегі әйелдерге;
- сапарда жүрген жандарға.
Ауру, етеккір немесе сапар себепті жіберілген күндер кейін міндетті түрде өтелуі тиіс.
Ораза ұстау ережелері
Оразаны бұзбайтын жағдайлар:
- сілекейді еріксіз жұту;
- ұмытып ішіп-жеу;
- ине салдыру, көзге не құлаққа дәрі тамызу, тіс емдету секілді медициналық шаралар;
- су жұтылмаған жағдайда тазалық рәсімдерін жасау;
- денеге крем немесе май жағу.
- Ал төмендегі әрекеттер оразаны бұзады:
- күндіз әдейі тамақ жеу, су ішу немесе дәрі қабылдау;
- темекі шегу, ішімдік ішу;
- ерлі-зайыптылардың жақындасуы;
- балағат сөз айту, өтірік сөйлеу, жала жабу, ғайбат тарату;
- көзбояушылық танытып, жалған құлшыныс көрсету.
Дұрыс тамақтану тәртібі
Имам Асхат Өтепов ауыз ашуды құрма мен сумен бастауды ұсынады. Бұл – сүннет амалдарының бірі.
Сәресі кезінде ағзаны жеткілікті сумен қамтамасыз етіп, ақуызға, күрделі көмірсуларға және талшыққа бай тағамдарды тұтыну қажет. Майлы, тәтті және ұн өнімдерін шектеген жөн.
Пітір садақа мөлшері
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2026 жылға арналған пітір садақаның мөлшерін 735 теңге деп белгіледі. Бұл сома екі келі ұнның орташа бағасына негізделген.
Пітір садақаны Рамазан айында, айт намазына дейін мұқтаж жандарға беру керек. Бұл – қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттырып, мұсылмандар арасындағы ынтымақты нығайтатын маңызды амал.



