Саясат
Trending

Шығыстағы зауыт жұмысшыларымен кездесу: Конституция реформасы кеңінен талқыланды

Өскемен қаласында Үлбі металлургиялық зауытының жұмысшыларымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын түсіндіруге арналған ауқымды кездесу өтті.

Жиынға Шығыс Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы, Конституциялық комиссия мүшесі Аяужан Әшімова қатысып, елордада жүргізілген жұмыс барысы мен негізгі өзгерістер туралы жан-жақты баяндады.

Аяужан Әшімованың айтуынша, бастапқыда қолданыстағы Негізгі заңға түзетулер енгізу жоспарланғанымен, өзгерістер көлемі 84 пайызға жеткендіктен, жаңа Конституция мәтінін қабылдау туралы шешім қабылданған.

«Бұл – еліміздің тәуелсіздік тарихындағы ең ауқымды реформаның бірі. Әр азамат жаңа жобаны мұқият оқып, референдумда саналы түрде таңдау жасауы тиіс», – деді Аяужан Әшімова.

Конституция жобасын әзірлеуге қатарында ғалымдар, заңгерлер, лингвистер және өңірлердің өкілдері болған 130 адам қатысқанын атап өтті. Аяужан Әшімованың айтуынша, 1995 жылғы қолданыстағы Конституцияны 12 адам жазған болса, бұл жолы жұмыс барынша ашық әрі кең ауқымда жүргізілген.

«Маған әр бап бойынша ғалымдардан түсініктеме тыңдап, сұрақ қою мүмкіндігі берілді. Әр сөздің салмағы ерекше. Себебі Конституция – ертеңгі өмірімізге тікелей әсер ететін негізгі заң», – деді спикер.

Комиссия жұмысының ашық форматта өткеніне де ерекше назар аударылды. Күн сайын шағын топтарда талқылаулар ұйымдастырылып, кейін жалпы отырыстар өткізілген. Кейбір отырыстар тікелей эфирде көрсетілген. Осы кезеңде азаматтардан 10 мыңнан астам ұсыныс түскен.

«Жеке өзіме екі жүзге жуық ұсыныс келіп түсті. Оның ішінде жеке азаматтардан бөлек, адвокаттар, нотариустар, консалтингтік компаниялар мен түрлі қауымдастықтардың ұсыныстары болды. Барлығы қаралды, кейбірі ескерілді», – деді қоғам белсендісі.
Кездесуде Конституцияның басты бағыты – адам мен оның құқықтары мен бостандықтарын қорғау екені ерекше атап өтілді.

«Конституция ең алдымен адам, оның құқықтарын қорғауға бағытталған. Әр азамат өз құқығын пайдалана отырып, өзгенің де құқығын құрметтеуі тиіс. «Менің құқығым басқа адамның құқығы басталатын жерде аяқталады» деген қағиданы ұмытпау керек, – деді Аяужан Әшімова.

Ол қоғамда сөз бостандығына қатысты түрлі пікірлер айтылып жүргенін де тілге тиек етті. Спикердің түсіндіруінше, жаңа Конституцияда цензураға тыйым салу нормасы сақталған, сонымен қатар адам абыройы мен жеке шекарасын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылған. Әсіресе, әлеуметтік желілердегі қорлау, жеке басқа тиісу жағдайлары жиілегенін айтып, заң аясында әр азаматтың қорғалуы маңызды екенін жеткізді.

Кездесуде алғаш рет адвокатура институтының Конституцияда жеке институт ретінде танылуы да маңызды өзгерістердің бірі екені айтылды. Бұған дейін қолданыстағы Конституцияда сот жүйесі мен прокуратура туралы нормалар болғанымен, адвокатура арнайы институт ретінде көрсетілмеген.

«Енді адвокатура негізгі заң деңгейінде бекітіледі. Бұл – азаматтардың құқықтарын қорғаудағы маңызды қадам», – деді комиссия мүшесі.

Сондай-ақ, жаңа редакцияда неке және отбасы институтына қатысты баптар кеңейтілгені түсіндірілді. Егер бұрын неке, отбасы, ана мен бала мемлекеттің қорғауында екені бір баппен ғана көрсетілсе, енді бұл мәселеге жеке бап арналған.

«Конституцияда неке – ерікті және тең құқықты ер мен әйелдің одағы екені нақты жазылған. Бұл норма әйелдердің құқықтарын қорғау тұрғысынан да маңызды. Неке міндетті түрде заңға сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс», – деп атап өтті спикер.

Оның айтуынша, бұл өзгерістер заңды тіркелмеген некелердің салдарынан туындайтын әлеуметтік мәселелердің алдын алуға, сондай-ақ қыз алып қашу сияқты құқық бұзушылықтарға жол бермеуге бағытталған.

Сонымен қатар, кәмелетке толған, еңбекке қабілетті балалардың еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасау міндеті туралы норма да талқыланды. Бұл мәселе қоғамда түрлі сұрақтар туғызған.

«Кейбір азаматтар: “Егер ата-ана бала тәрбиесіне қатыспаса, кейін бала міндетті ме?” деген сауал қояды. Мемлекет әр жағдайды жеке қарайды. Бірақ отбасы мүшелерінің өзара жауапкершілігі мен қамқорлығы Конституция деңгейінде бекітілуі – дәстүрлі құндылықтарға негізделген қадам», – деді Аяужан Әшімова.

Ол қазақ қоғамында отбасы құндылықтары ежелден жоғары бағаланғанын атап өтті. «Қазақта “Әкең жынды болса, байлап, бақ” деген сөз бар. Бұл – ата-анаға деген құрмет пен жауапкершіліктің белгісі», – деді ол.

Кездесу барысында зауыт қызметкерлері әлеуметтік кепілдіктер, ең төменгі жалақы және өзге де нормаларға қатысты сұрақтар қойып, ашық диалог форматында пікір алмасты. Спикер тұрғындарды әлеуметтік желілердегі түрлі пікірлерге сын көзбен қарап, Конституция мәтінімен жеке танысуға шақырды.

«Бүгінде кейбір азаматтар Конституция мәтінін толық оқымай, қысқаша мазмұнын түрлі платформалардан қарап жатады. Алайда әркім өзі оқып, сарапшылардың түсіндірмесін тыңдап барып шешім қабылдауы маңызды», – деп түйіндеді ол.

«Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ-ның қоғаммен және мемлекеттік органдармен байланыс бөлімінің басшысы Юлия Антонова ұжыммен өткен кездесудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Ата Заңға енгізілетін өзгерістерді түсіндіру үшін арнайы мамандардың келіп, зауыт қызметкерлерімен жүздесуі – маңызды әрі пайдалы қадам.

Юлия Антонова Конституцияны білу мен түсінудің әр азамат үшін айрықша мәнге ие екенін жеткізді.

«Конституцияны білу, оны түсіну – әрқайсымыз үшін маңызды деп ойлаймын. Өйткені біз осы елде өмір сүріп жатырмыз, ал саналы түрде таңдау жасайтын адамға референдумға барып, өз ұстанымын білдіру әлдеқайда жеңіл болады. Бүгінгі кездесуде өзгерістердің қалай дайындалғанын, қандай үлкен жұмыс атқарылғанын білу ерекше әсер қалдырды. Бізбен Конституцияға енгізілген өзгерістердің авторларының бірі тікелей кездесіп, әр баптың қалай талқыланғанын, өңірлерден ұсыныстар қалай жиналғанын айтып берді. Әр облыстан халықтың пікірі ескерілгенін есту біз үшін маңызды болды. Шынымды айтсам, бұрын Конституция қабылданар алдында осындай ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілетінін терең ойламаппын. Енді мен Конституцияға мүлде басқа көзқараспен қараймын. Осындай мазмұнды кездесу ұйымдастырылғанына рахмет айтамын», – деді Юлия Антонова.

Зауыттың менеджері Азамат Райысов осындай кездесулер саналы түрде таңдау жасауға көмектесетінін айтты.

«Бүгінгі кездесуде жаңа Конституцияның жобасы түсіндіріліп, Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жан-жақты талқыланды. Енді жақын арада жаңа Конституцияны қабылдау бойынша халықтық референдум өтеді. Осы референдумға қатысатын біздің зауыттың қызметкерлері бүгінгі түсіндіру жұмыстарынан кейін өз таңдауларын саналы түрде жасайды деп ойлаймын», — дейді зауыттың менеджері Азамат Райысов.

Жиын соңында қатысушылар жаңа Конституция жобасының мазмұны мен оның ел болашағына ықпалы туралы кеңінен ақпарат алып, өзекті сұрақтарына жауап алды.

TuraNews

Back to top button