Шаһарда екінші тәулік қатарынан ауа райына байланысты төтенше жағдай режимі сақталып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алдымен нөсер жауын жауып, соңы қарға ұласса, қазір қайтадан жаңбыр күшейді. Соның әсерінен электр желілері жүктемені көтере алмай, ағаштар құлап, көшелерде су көлкіп кеткен. Бұған қоса енді Қошқарата өзені арнасынан тасуы ықтимал.
Күннің күрт жылынуы қардың еруін жеделдетіп, жауын-шашын кәріз жүйелері мен өзен арналарына түсетін салмақты еселеді. Қаланың орталық көшелерін су басып, автокөліктердің қозғалысы қиындады. Ал жаяу жүргіншілер терең шалшықтарды айналып өтуге мәжбүр.
Осыған қатысты әлеуметтік желілерде тұрғындардың шағым айтқан бейнежазбалары тарады. Тұрғындар құлаған ағаштарды жедел тазартуды, электр жарығын қалпына келтіруді және жолды шайып жатқан судың мәселесін шешуді талап етті.
Әсіресе Қошқарата өзенінің бойында тұратын тұрғындар алаңдаулы. Олардың айтуынша, Арғынбеков пен Өтегенов көшелерінің қиылысында су деңгейі айтарлықтай көтеріліп, аулаларды су баса бастаған.
– Адамдардың өміріне, мүлкіне қауіп төніп тұр. Бірнеше жылдан бері асфальт төселмеген, автокөлік пен жаяу жүргіншілерге арналған көпір салуды сұраймыз. Көктайғақ салдарынан көліктер сырғып, өзенге құлап кетуі әбден мүмкін. Жауапты мекемелердің бұл әрекетсіздігі үйлерді су басу қаупін күшейтіп отыр, – дейді жергілікті тұрғындар.
Абай ауданы әкімдігінің хабарлауынша, қолайсыз ауа райына байланысты өзеннің арнасынан шығу қаупі бар. Қазіргі уақытта коммуналдық қызметтер өзен жағалауын бекітіп, су деңгейін бақылауда ұстап отыр.
– Өтегенов көшесі мен оған жақын маңдағы көшелердің тұрғындарынан қауіпсіздік шараларын сақтауды, автокөліктерді қауіпсіз орындарға қоюды және мүліктерінің сақталуын қамтамасыз етуді сұраймыз, – деп мәлімдеді аудан әкімдігі.
Қалада электр желілеріндегі апаттардың салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Дымқыл қардан ағаш бұтақтары иіліп, электр желілеріне тиіп, қысқа тұйықталу мен жарықтың өшуіне себеп болған.
«Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінің мәліметінше, апаттық бригадалар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Зақымдалған учаскелерде ақауларды анықтау және жою жұмыстары бәсеңсіген жоқ. Қосымша техника мен мамандар тартылып, электрмен жабдықтауды мүмкіндігінше қысқа мерзімде қалпына келтіру шаралары қабылданып жатыр.



