ҚоғамСаясат
Trending

Құқықтық тәртіп және профилактика: Ұлытау облысында жаңа бастама іске қосылды

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу — ішкі істер органдары қызметінің басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта Ұлытау облысы Полиция департаментінің қалалық және аудандық бөліністерінде заманауи форматтағы «Профилактикалық кабинеттер» ашылды. 

Бұл бастама Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тікелей тапсырмасымен, «Құқық бұзушылықтар профилактикасы туралы» Заңды жүзеге асыру және «Заң мен Тәртіп» Тұжырымдамасы аясында қолға алынды. Мұндағы негізгі меже — құқық бұзушылықтарды ескерту бойынша атаулы жұмысты күшейту және полиция қызметінің сервистік моделін дамыту.

Тәжірибе көрсеткендей, қылмыспен күресуден гөрі, оның алдын алу әлдеқайда тиімді. Осы орайда, жаңадан ашылған кабинеттер полицияның ғана емес, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау органдары мен азаматтық қоғам институттарының басын біріктіретін үйлестіру орталығына айналмақ.

«Профилактикалық кабинеттерде» криминогендік жағдайға тікелей әсер ететін әлеуметтік тәуекелдермен кешенді күрес жүргізіледі. Мамандар келесі бағыттар бойынша кеңес беріп, ақпараттық жұмыстарды атқарады:

* Тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу;
* Алкоголизм мен нашақорлыққа қарсы іс-қимыл;
* Девианттық мінез-құлықты түзету.

Жобаның ерекшелігі — мұнда әр саланың білікті мамандары жұмылдырылған:

* Полиция қызметкерлері құқықтық кеңес беріп, ведомствоаралық байланысты үйлестіреді.
* Психологтар дағдарыстық жағдайға тап болған азаматтармен және тәуекел тобындағы жасөспірімдермен жұмыс істейді.
* Нарколог-дәрігерлер мен медицина мамандары тәуелділіктің алдын алу бойынша алғашқы кеңестерін береді.
* Әлеуметтік қызметкерлер қолайсыз отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетіп, оларды сүйемелдейді.

Бұл — қоғамда «құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік» қағидатын орнықтыру жолындағы маңызды қадам.

TuraNews

Back to top button