«Қазақтелеком» Павлодарда ЖИ-деректер орталығын салады
«Қазақтелеком» компаниясы келесі жылдың екінші тоқсанында Павлодардағы деректерді өңдеу хабында алғашқы 50 МВт-тық ЖИ-деректер орталығын салады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, трансшекаралық байланыс инфрақұрылымы мен қолжетімді электр энергиясының болуы халықаралық есептеу қуаттары хабын құрудың міндетті шарты саналады.
— Бұл жоба қазірдің өзінде белсенді жүзеге асырылып жатыр. Павлодар облысында жер телімі бөлініп, ГРЭС-1 станциясынан 300 МВт қуат резервке қойылды. Халықаралық инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Алайда біз ешкімді күтпейміз. «Қазақтелеком» келесі жылдың екінші тоқсанында алғашқы 50 МВт-тық ЖИ-деректер орталығын салады, — деді Ж. Мәдиев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Бұл деректер орталығының қуаты мемлекеттік органдардың жаңа деректер орталығынан, онда орналасқан суперкомпьютермен қоса есептегенде 10 есе жоғары болады.
Жобалау және құрылыс жұмыстарын 2026-2028 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланған.
— Бұл бағыт жаңа экономиканы қалыптастыруға негіз қалайды. Сонымен бірге, биыл мемлекеттік ақпараттық жүйелерді төтенше жағдайлар кезінде де тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін толық резервтеу жүргізіледі, — деді Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі.



