БастыТуризм
Trending

Түркияның туризм секторы 2025 жылы рекордтық биіктікке көтерілді

2025 жыл Түркия туризмі үшін табысты кезең ретінде тарихта қалды.

Ыстанбұл төрінде өткен баспасөз мәслихатында Түркияның Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсой ел экономикасының күре тамырына айналған туризм саласының өткен жылғы қорытындысын жариялады. Түркия тек жағажай демалысының мекені емес, жаһандық туризмнің нағыз алыбына айналғанын дәлелдеп отыр.

Ресми деректерге сүйенсек, 2025 жылы Түркияға 64 миллионға жуық шетелдік саяхатшы ат басын бұрған. Нәтижесінде ел қазынасына 65 миллиард 231 миллион АҚШ доллары көлемінде табыс түсті. Айта кетерлігі, бұл көрсеткіш мемлекет тарихындағы ең жоғары меже болып тіркелді.

Ең назар аударарлығы — Түркияның халықаралық аренадағы қарқыны. 2017 жылы әлемдегі ең көп турист қабылдайтын елдер тізімінде 8-орында тұрған мемлекет, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 4-орынға табан тіреді. Ал туризмнен түсетін табыс бойынша 15-орыннан бірден 7-орынға көтерілуі — саланың сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге шыққанын көрсетсе керек.

Бүгінде Түркия «теңіз-құм-күн» шеңберінен шығып, туризмді әртараптандыруға басымдық беріп отыр. Министр Ерсой атап өткендей, елде мәдени, діни, гастрономиялық және экотуризм бағыттары қарыштап дамып келеді. Әсіресе:

  • «Болашаққа мұра» тұжырымдамасы аясындағы археологиялық зерттеулер;

  • Кешкі уақытта есігін айқара ашатын «Түнгі музейлер» жобасы;

  • Круиздік сапарлар мен қысқы курорттар Түркияны жылдың төрт мезгілінде де тартымды ете түсті.

Visit Türkiye

2025 жылдың қорытындысы бойынша Түркияның туризм саласындағы негізгі көрсеткіштері айтарлықтай өсім көрсетті. Елге келушілер саны өткен жылмен салыстырғанда 2,7%-ға артып, 63,9 миллион адамға жетсе, саладан түскен жалпы табыс 6,8%-дық өсіммен 65,2 миллиард долларды құрады. Сонымен қатар, туристердің елдегі шығын көлемі де ұлғайып, бір саяхатшының бір түнге жұмсайтын орташа қаражаты 100 доллар межесіне көтерілді.

Айта кетерлігі, 2017 жылмен салыстырғанда туристер ағыны 68%-ға, ал табыс көлемі 109%-ға артқан. Бұл саяхатшылардың Түркияда тек көптеп келіп қана қоймай, сапалы қызметке көбірек қаражат жұмсай бастағанын аңғартады.

Түркияға ең көп турист жіберетін елдердің көш басында Ресей (6,9 млн), Германия (6,7 млн) және Ұлыбритания (4,2 млн) тұр. Сонымен қатар, Қазақстан бастаған Орталық Азия елдерінен келетін туристер саны да жыл санап артып келеді.

Түркия билігі қол жеткізген табыспен тоқтап қалмақ емес. 2026 жылы туризм табысын 68 миллиард долларға жеткізу көзделіп отыр. Жаңа инфрақұрылымдық жобалар мен «An Istanbul Story» сияқты креативті жарнамалық науқандар (кей эпизодтары 32 млн қаралым жинаған) бұл мақсаттың қолжетімді екенін көрсетеді.

«An Istanbul Story1

Түркия — сапа мен қонақжайлылықтың символына айналған ел. Ал жаңа рекордтар бұл мемлекеттің әлемдік туризм картасындағы көшбасшылық орнын бекіте түспек.

TuraNews

Back to top button