Қыс мезгілінде Анадолының кең даласы мен асқар таулары аппақ қарға оранып, ерекше бір тыныштық пен сұлулыққа бөленеді. Осындай ғажайып көріністерді тамашалаудың ең әсерлі жолы – Туристік Шығыс экспресі. Анкарадан Карсқа дейінгі бұл түнгі теміржол сапары соңғы жылдары әлемдік туризм картасындағы ең тартымды бағыттардың біріне айналды.
Рельстің баяу ырғағы, жылы купелер және терезеден көрінетін қар жамылған таулар мен жазықтар – Шығыс экспресі жай ғана көлік емес, Анадолы қойнауына жасалатын нағыз ертегідей саяхат. Пойыз Анкара мен Карс арасында екі бағытта да қатынайды. Дегенмен, ел астанасынан шығып, шығысқа қарай созылған көркем табиғатты тамашалау – саяхатшылардың басты таңдауы.


Аптасына үш рет қатынайтын пойыз билеттері онлайн сатылады, бірақ сұраныс өте жоғары болғандықтан, сапарды алдын ала жоспарлау аса маңызды. Шамамен 24 сағатқа созылатын жолда жолаушыларды төсегі бар жайлы купелер, арнайы жоспарланған аялдамалар мен ұмытылмас сәттер күтеді. Көптеген жолаушылар купені түрлі шамдармен, шағын әшекейлермен безендіріп, атмосфераны жылы әрі романтикалық ете түседі.
Пойыз Анкарадан шығып, Кырыккале, Кайсери, Сивас, Эрзинджан және Эрзурум арқылы Карсқа жетеді. Жолай Эрзинджан мен Эрзурумда ұзақ аялдап, қаланы көруге мүмкіндік береді. Кері бағытта – Карстан Анкараға қарай – Ілич, Дивриги және Сивас бекеттерінде тоқтап, жолаушыларға ЮНЕСКО тізіміне енген тарихи орындарды таныстырады.


Қыстың ең сиқырлы мекені – Карс
Сапардың шарықтау шегі – Карс қаласы. Бұл шаһар өзінің қысқы табиғатымен, бай тарихымен және ерекше асханасымен танымал. Анадолының ең көне қоныстарының бірі саналатын Карста қала орталығындағы сәулеттік нысандардан бастап, ғасырлар қойнауынан жеткен ескерткіштерге дейін бәрі де зор қызығушылық тудырады.
Қала маңында орналасқан көне Ани қалашығы – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысаны. Орта ғасырларда «мың бір шіркеудің қаласы» атанған бұл мекенде көне шіркеулер, моншалар, алғашқы мешіттер мен алып қорғандар сақталған. Мұнда христиан және мұсылман мәдениеттерінің ізі бір-бірімен астасып жатыр.



Табиғат әуесқойлары үшін де Карс – таптырмас мекен. Сарықамышта кристалдай таза қарда шаңғы теуіп, Чылдыр көлінің үстінде ат жеккен шанамен сырғанауға болады. Мұзды ойып балық аулаған жергілікті тұрғындардың көрінісі – аймақтың басты символына айналған.
Дәм мен дәстүрге толы кештер
Карстағы кешкі ас бағдарламалары да ерекше. Қонақтар ашық айтысқа ұқсас «ашықтар сайысын» (аşıқ аtışmаsı) тамашалап, кавказ халық билерінің куәсі болады. Қаз еті, Карс ірімшігі және жергілікті сусындар – бұл кештердің ажырамас бөлігі. Аймақ гастрономиясы ірімшіктің сан түрімен, хош иісті балымен және ерекше мәзірімен мақтана алады. Ал Боғатепе ауылындағы Ірімшік музейі бұл өнердің қыр-сырын аша түседі.


Туристік Шығыс экспресі – бұл жай ғана теміржол бағыты емес, Түркияның шығысына жасалатын рухани және мәдени экспедиция. Аппақ қар жамылған шексіз даланың көрінісі, көне қалалардың құпиясы мен жергілікті халықтың қонақжайлылығы кез келген саяхатшының жүрегінде өшпес із қалдырады. Егер сіз қыстың нағыз сиқырын сезініп, тарих пен табиғаттың үндестігіне куә болғыңыз келсе, Анадолының жүрегіне бағыт алған бұл пойызға билет алуға асығыңыз.



