ӘлемТуризм
Trending

Түркия – тарихтың алтын бесігі: Саяхатшыларға арналған жаңа бағыттар

Анадолы жері мыңдаған жыл бойы адамзат өркениетінің бесігі болып келеді. Бүгін де Түркия аумағы ашық аспан астындағы алып музей іспетті: қай өңірге барсаңыз да, терең тарихтың ізі жатыр.

2025 жылы жүзеге асқан «Болашаққа мұра» жобасы археология саласына жаңа серпін беріп, елдің түкпір-түкпірінде тың жаңалықтардың ашылуына жол ашты. Бұл олжалар тек ғалымдар үшін емес, тарихи туризмге қызығатын саяхатшылар үшін де ерекше жыл болды.

Өткен жылы ең көп назар аудартқан жаңалықтар Шанлыурфадағы Taş Tepeler аймағынан табылды. Неолит дәуіріне жататын бұл кешенде адамзаттың ең алғашқы дүниетанымы айқын көрінеді. Қарахантепеде үш жануар бейнеленген шағын ыдыс табылып, оны ғалымдар әлемдегі ең көне үш өлшемді мифологиялық бейне деп бағалады. Гөбеклитепеде қабырғаға орнатылған адам бейнесі құрбандық белгісі ретінде түсіндірілсе, Сайбурчтан аузы тігіліп бейнеленген адам мүсіні табылып, көне жерлеу рәсімдері жайлы жаңа дерек берді. Сефертепеден табылған екі бет бейнесі мен екіжақты моншақ сол дәуірдің көркемдік деңгейін көрсетеді.

Taş Tepeler
Taş Tepeler

Чанаккаледегі көне Троя қаласында табылған алтын брошь пен сирек нефрит тас археология әлемінде үлкен жаңалыққа айналды. Қола дәуіріне жататын бұл әшекей билік пен байлықтың белгісі саналған. Әлемде небәрі үш дана белгілі мұндай бұйымның ең жақсы сақталған нұсқасы дәл осы Троядан табылып, соңғы жүз жылдағы ең маңызды жаңалықтардың бірі ретінде бағаланды.

Теңіз астындағы зерттеулер де нәтижесіз болған жоқ. Муғлада, Датча маңында табылған XVII ғасырдағы осман кемесі су асты археологиясының бірегей нысанына айналды. Кемеден қару-жарақ, оқ-дәрі, темекі шегуге арналған құбырлар мен қытай фарфоры табылып, Осман империясының теңіздегі саудасы мен әскери қуаты жайлы тың мәліметтер берді.

Күтахиядағы Тавшанлы Хөюк қонысынан 4,5 мың жыл бұрын жасалған пұт мүсіндері табылды. Ошақ айналасына қойылған бұл бейнелер сол дәуірдегі діни рәсімдер мен сенім жүйесін түсінуге мүмкіндік береді. Ал Қара теңіз жағалауындағы Амасра қаласында қалпына келтіру жұмыстары кезінде жылан шашты Медузаның сирек кездесетін күлімсіреген бейнесі анықталды.

Измирдегі ЮНЕСКО мұрасы — Эфес қаласында Египет құдайы Серапис бейнеленген хош иіс жағатын ыдыс табылып, бұл қалада көне шеберханалар немесе тұрақты сауда болғанын дәлелдеді. Қараман өңіріндегі Топрактепеде ерте христиан дәуіріне жататын қасиетті нан қалдықтары табылып, діни дәстүрлер туралы маңызды дерек ұсынды.

Ал Ван өңірінде Урарту кезеңіне тиесілі 76 ірі сақтау ыдысы табылып, бұл аймақтың көне заманнан-ақ астық пен азық-түлік орталығы болғанын көрсетті. Мұндай ауқымды қойма кешені Ван жерінде алғаш рет анықталып отыр.

2025 жыл Түркия археологиясы үшін тек олжалар жылы ғана емес, тарихты жаңа қырынан танытқан кезең болды. Бұл жаңалықтар Анадолыға сапар шегетін туристер үшін әр өңірді тек көру емес, сезіну мүмкіндігін ұсынады.

TuraNews

Back to top button