
Үкімет 2025 жылғы 31 желтоқсандағы қаулысымен сатуға және импортқа байланысты салық салынатын айналымға ҚҚС мөлшерлемесі қолданылатын дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың, олардың жинақтаушы бөлшектерінің, сондай-ақ техникалық қосалқы құралдардың тізбесін бекітті.
Аталған тізбеге енгізілген тауарларға ҚҚС мөлшерлемесі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 5%, ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – 10% көлемінде қолданылады.
Тізбеге Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызмет тауар номенклатурасының (ЕАЭО СЭҚ ТН) кодтары көрсетілген 242 тауарлық позиция енгізілген:
Атап айтқанда, тізбе мынадай негізгі тауар топтарын қамтиды:
- ет және тағамдық ет өнімдері мен субөнімдер;
- басқа жерде аталмаған немесе енгізілмеген жануар текті өнімдер;
- ұн-жарма өнеркәсібінің өнімдері, уыт, крахмал, инулин, бидай клейковинасы;
- майлы дақылдардың тұқымдары мен жемістері, өзге де тұқымдар, дәндер, дәрілік және техникалық мақсаттағы өсімдіктер, сабан мен мал азығы;
- табиғи тазартылмаған шеллак, камедьтер, шайырлар және өсімдік шырындары мен экстракттары;
- жануар немесе өсімдік текті майлар мен май өнімдері, дайын тағамдық майлар, балауыздар;
- қант және қанттан жасалған кондитерлік өнімдер;
- какао және какао өнімдері;
- түрлі тағам өнімдері;
- алкогольді және алкогольсіз сусындар, сірке суы;
- тұз, күкірт, жер мен тас, әк, цемент және сылақ материалдары;
- бейорганикалық және органикалық химия өнімдері, оның ішінде бағалы және сирек жер металдарының, радиоактивті элементтер мен изотоптардың қосылыстары;
- фармацевтикалық өнімдер;
- тыңайтқыштар;
- бояғыш және илеу экстракттары, бояулар, лактар, полиграфиялық бояулар, сия мен тушь;
- эфир майлары, парфюмериялық, косметикалық және гигиеналық құралдар;
- сабын, жуғыш заттар, майлау материалдары, жасанды және дайын балауыздар, тазалау және жылтырату құралдары, стоматологиялық балауыздар мен құрамдар;
- ақуызды заттар, модификацияланған крахмалдар, желімдер, ферменттер;
- фото және кино тауарлары;
- өзге де химиялық өнімдер;
- пластмассалар және олардан жасалған бұйымдар;
- каучук, резеңке және резеңке бұйымдар;
- өңделмеген терілер (табиғи аң терісінен басқа) және былғары;
- қағаз, картон және олардан жасалған бұйымдар;
- мақта;
- киіз, фетр және тоқыма емес материалдар, жіптер, арқан-жіп бұйымдары;
- трикотаждан және трикотажсыз тігілген киімдер мен киімге арналған бұйымдар;
- өзге дайын тоқыма бұйымдары, жиынтықтар, пайдаланылған киімдер мен тоқыма бұйымдары;
- тас, гипс, цемент, асбест, слюда және ұқсас материалдардан жасалған бұйымдар және басқа да тауарлар.
Тізбеге берілген ескертпеде көрсетілгендей, аталған ҚҚС мөлшерлемелері мынадай шарттар орындалған жағдайда қолданылады:
- фармацевтикалық немесе медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензияның болуы немесе медициналық бұйымдарды көтерме саудада өткізуге қатысты қызметтің басталғаны не тоқтатылғаны туралы хабарламаны қабылдау жөніндегі талонның болуы;
- дәрілік заттардың Қазақстан Республикасының аумағында тіркелуі;
- тіркелмеген дәрілік заттарды импорттау кезінде тиісті рұқсат құжатының болуы;
- тауарлардың мақсатты пайдаланылуын растайтын құжаттардың болуы.
Аталған қаулы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Бұған дейін Қазақстанда ҚҚС-тан босатылатын медициналық қызметтер мен дәрілік заттардың тізбелері бекітілгені хабарланған.



