Қоғам

Алматыда Land Cruiser көлігінің қатысуымен жаппай жол апаты болды

Алматы қаласында Саин көшесінде, Рысқұлов даңғылынан жоғары, Domillion сауда орталығының қарсы бетінде жаппай жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп жазады Zakon.kz.

Land Cruiser 200 маркалы жол талғамайтын көлік Саин көшесімен оңтүстік бағытта қозғалып келе жатқан.

Белгісіз себеппен жүргізуші көлікті басқара алмай, жол жиегінде тұрған Jetour автомобилімен соқтығысқан.

Соққыдан кейін Land Cruiser қайтадан жолдың ортасына қарай ыршып шығып, сол сәтте өтіп бара жатқан Changan көлігіне бүйірінен соғылған.

Одан соң джип тұрақ аймағына қайта ұшып барып, Kia Cee’d көлігін соққан.

Соққы салдарынан Kia тұрақ орнынан шығып кетіп, тротуармен жүріп өтіп, Domillion сауда орталығының жерасты тұрағына құлап кете жаздаған.

Кейін басқарудан шыққан жол талғамайтын көлік Chevrolet Nexia және жанында тұрған Chevrolet Monza автомобильдерімен соқтығысқан.

Абырой болғанда, жол апаты салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.

Оқиға орнында жол полициясының қызметкерлері жұмыс істеді. Олар жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын анықтайтын болады.

 

 

TuraNews

Back to top button