Қоғам
Trending

ШҚО-да жылумен қамту жағдайы тұрақты

Шығыс Қазақстан облысында алдағы күндері ауа температурасының төмендеуіне қарамастан, жылыту маусымы қалыпты режимде өтуде. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасына сәйкес өңірдегі барлық жылу көздері, оның ішінде ЖЭО мен қазандықтар күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді.

Риддер қаласындағы негізгі жылу көзі – Риддер ЖЭО соңғы үш жылда жүргізілген ауқымды жаңғырту және жөндеу жұмыстарының нәтижесінде тұрақты әрі сенімді жұмыс көрсетіп отыр. Станция 20 мыңнан астам тұрғынды, сондай-ақ әлеуметтік нысандар мен кәсіпкерлік объектілерді жылумен қамтамасыз етеді. Жылу желілеріндегі температура бекітілген кестеден жоғары деңгейде сақталып, қазандықтар мен турбиналардағы барлық жоспарлы жөндеу жұмыстары толық аяқталған.

Риддер қаласындағы жылу желілерін жаңарту жұмыстары 99 пайызға орындалды, ал отын қоры жеткілікті деңгейде. Жақын күндері көмірдің қосымша партиясы жеткізіледі, бұл қысқы кезеңнің ең суық уақытын сенімді еңсеруге мүмкіндік береді.

Жалпы облыс бойынша аязды күндері жылу көздерінің жұмысына бақылау күшейтілді. Төтенше жағдайлар қызметі жеке сектор тұрғындарына пешпен жылыту кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертуде. Сонымен қатар, ШҚО Экология департаменті аязды әрі желсіз күндері қоршаған орта жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіп келеді.

Осылайша, Шығыс Қазақстан облысында жылумен қамту жағдайы тұрақты және өңірлік биліктің тұрақты бақылауында.

TuraNews

Back to top button