Туризм

Шығыс Қазақстандағы қысқы шомылу: қауіпсіздік – басты назарда

19 қаңтар күні православ дінін ұстанатын жандар христиан әлеміндегі ең ұлық мейрамдардың бірі – Крещение Господне күнін атап өтеді. Осыған орай ШҚО-да шомылу рәсіміне арналған 13 арнайы әрі рұқсат етілген орын белгіленді.

Арнайы шомылу орындары Өскемен және Риддер қалаларында, сондай-ақ Алтай, Глубокое, Катон-Қарағай, Күршім, Шемонаиха, Ұлан және Үлкен Нарын аудандарында ұйымдастырылады. Барлық нысандарда адам өмірінің қауіпсіздігі басты назарға алынып, қажетті инфрақұрылым толық қамтамасыз етілген.

Мереке қарсаңында тиісті іс-шаралар жоспары бекітілді. Шомылу рәсімі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 230 жеке құрам қызметкері мен 69 техника бірлігі кезекшілікке шығады. Тұрғындардың қауіпсіздігін құтқару қызметі, Апаттар медицина орталығының мамандары, жедел жәрдем бригадалары, полиция қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп қамтамасыз етеді.

Құтқару қызметі өңір тұрғындары мен қонақтарын тек арнайы жабдықталған, медицина және жедел қызмет мамандары тәулік бойы кезекшілік атқаратын орындарда ғана шомылуға шақырады. Мұз ойықтарының маңына қауіпсіз түсуге арналған баспалдақтар мен сүйеніштер орнатылып, аумақ жарықтандырылып, жылытылатын шатырлар тігіледі. Сүңгуір мамандар суға түсу және қайта шығу үдерісін толық бақылауда ұстайды.

Сонымен қатар, мұздай суға шомылу – діни мейрамның міндетті шарты емес екенін ескерген жөн. Қасиетті Крещение Господне мерекесі, ең алдымен, рухани тазару мен имандылықты дәріптейтін күн. Бұл мейрам әдетте құлшылық ету, ғибадатханаға бару және игі амалдар жасау арқылы аталып өтеді.

Мамандар шомылу алдында денені алдын ала қыздырып алу, таймайтын аяқ киім кию, өзімен бірге жылы сүлгі мен ыстық шай алып жүруді ұсынады. Балалардың мұзды суға түсуіне тек ата-анасының қадағалауымен ғана рұқсат етіледі. Алкогольдік ішімдік ішуге қатаң тыйым салынады. Ал созылмалы ауруы бар азаматтарға мұндай шомылудан бас тарту ұсынылады.

«Қазгидромет» РМК-ның мәліметінше, шомылу рәсімі облыс аумағында ауа температурасы минус 30 градусқа дейін, ал кей жерлерде одан да төмендеуі мүмкін.

TuraNews

Back to top button