ЖИ Қазақстандағы жұмыс күшінің өнімділігін 70%-ға арттырады – зерттеу нәтижелері
ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында білім беру жүйесін ауқымды цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Мемлекет басшысы Жолдауында ауқымды цифрлық жаңғырту, ең алдымен, кадрларға және адам капиталының сапасына жаңа талаптар қоятынын атап өтті. Осы тапсырмаларды орындау жоғары білімнің мазмұнын жүйелі түрде жаңартуды талап етеді.
2025 жылы Министрлік Quacquarelli Symonds халықаралық аналитикалық агенттігімен бірлесіп, жасанды интеллектке негізделген экономиканы қалыптастыруына арналған зерттеудің бірінші кезеңін аяқтады. Зерттеу нәтижелері жасанды интеллекттің еңбек нарығында жаппай жұмыс орындарын ығыстыратын құрал емес, ең алдымен адам еңбегін өнімділігін арттыру тетігі екенін көрсетті.
«Қазақстандағы жұмыс күшінің шамамен 70%-ы жасанды интеллектті қолдану арқылы өнімділікті арттырудың орташа немесе жоғары әлеуетіне ие. Мамандықтардың 53%-ында жекелеген еңбек функциялары автоматтандырылуы мүмкін. Бұл, көп жағдайда, жұмыс орындарының жойылуын емес, олардың мазмұны мен талаптарының өзгеруін білдіреді. Осы қорытындылар негізінде жоғары білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған кезең-кезеңімен іске асырылатын іс-қимылдар жоспары әзірленуде. Атластармен қатар, бүкіл өңірлермен арнайы сауалнама әзірленген. Осы арнайы құралдарға сәйкес білім беру бағдарламалары еңбек нарығының жаңа сұраныстарын ескере отырып жаңартылуда. 2025 жылдан бастап барлық білім беру бағдарламаларына жасанды интеллектіні қолдану дағдылары енгізілді. Қазіргі таңда 95 университет оқу жоспарларына жасанды интеллектке қатысты пәндерді қосты. Сонымен қатар 30 жоғары оқу орны жасанды интеллект бойынша 42 білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда. Профессорлық-оқытушылар құрамының 54%-ы жасанды интеллект бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Енді мықты білім мен зерттеу тәжірибесін халықаралық әріптестіктер арқылы елімізге әкелдік», — деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Министрдің сөзінше Қазақстанда ашылған 33 филиалдың 12-сінде арнайы ЖИ бағдарламалыры ашылған. Мысал ретінде – Cardiff университетінде жасанды интеллект орталығы, арнайы магистратура ашылды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті SeoulTech-пен, Satbayev University City University of Hong Kong-пен, Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті Лу Бань шеберханасының базасында бірлескен бағдармалар бар. Сонымен қатар 48 университеттің негізінде Huawei академиялары ашылды, 17 университеттің негізінде арнайы ЖИ орталықтары, «Болашақ» бағдарламасы аясында жасанды интеллект бағыты бойынша жыл сайын арнайы 100 квота бөлінді. 2025 жылы Google, NVIDIA, Coursera, Huawei, OpenAI, ETS және басқа да халықаралық серіктестермен ынтымақтастық жалғастырылды. 2026 жылы OpenAI-мен бірлесіп оқытушылар үшін оқу үдерістеріне жасанды интеллектіні енгізуге бағытталған жоба, ал ETS-пен ұлттық тестілеу жүйесін реформалау жобасы іске қосылады. Президенттің тапсырмасына сәйкес AI-Sana бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Бірінші кезеңде студенттерімізге 646 мың сертификат берілді. Қазіргі таңда студенттер 229 жасанды интеллект шешімін әзірледі. Екінші кезеңде Жасанды интеллект кеңесінің мүшесі Пол Ким мырза әзірлеген әзірленген жасанды интеллект бойынша тереңдетілген курстарды 100 мың студент оқытылады. Ақпан айында іріктеу басталады. Үшінші кезеңде 60 мың студент индустрияның нақты қажеттіліктеріне бағытталған өз жобаларын қалыптастырады.
Жасанды интеллект және цифрландыру министрлігі және Astana Hub-пен бірлесіп, университеттер базасында Tomorrow School жобасын жүзеге асыруда. Жоба халықаралық әдістеме негізінде барлық өңір тұрғындары үшін тәулік бойы қолжетімді форматта ұйымдастырылады. Қазіргі таңда 4 өңірде жобаны іске асыру үшін қажетті оқу орынжайлары бөлініп, компьютерлік техникамен толық қамтамасыз ету мәселелері шешілді. Осы ретте министр жобаны жүзеге асыруға белсенді қолдау көрсетіп отырған Ақмола, Қостанай және Алматы облыстарының әкімдіктеріне алғыс білдірді. Қалған 15 өңірде компьютерлік техникамен қамтамасыз ету мәселелері пысықталу үстінде.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жасанды интеллект бойынша арнайы университет құрылады. Университет индустрия сұраныстарына сәйкес пәнаралық бағыттар бойынша кадр даярлауға және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізуге бағытталады. Университет Alem.ai экожүйесіне интеграцияланып, жетекші шетелдік университеттер және технологиялық компаниялармен әріптестікте дамитын болады. Бүгінгі күні жасанды интеллектіні дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда.
Алайда Жасанды интеллект университетін құрумен бірге бірқатар жүйелі шараларды жүзеге асыру міндеті тұр. Негізгі мақсат — профессор-оқытушылар құрамын жасанды интеллект бойынша біліктілікті арттыру бағдарламаларымен 100% қамту және 100 мың студентті тарта отырып, AI-Sana бағдарламасының келесі кезеңін жүзеге асыру.
Сонымен қатар OpenAI компаниясының әзірлемелері негізінде білім беру жүйесін трансформациялауға бағытталған осы компанияның алғашқы халықаралық пилоттық жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ жоғары оқу орындары үшін суперкомпьютерлік инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет.



