Өткен жылы Атырау облысында интернет-алаяқтық бойынша 1 200-ге жуық қылмыс тіркелген. 11 айдың нәтижесі бойынша 551 іс сотқа жолданған. Жалпы жәбірленуші саны 2 200-ге жуықтайды. Бұл туралы Атырау облыстық прокуратурасы мәлімдеді.
Құзырлы органның мәліметіне сүйенсек, алаяқтар электрондық почта мен сайттарды қолдану, жалған онлайн қызметтер көрсету, интернет арқылы сату, онлайн қарыз беру және банктердің атын қолданып, жалған ақпарат беру әдісін жиі пайдаланып, азаматтарды сан соқтырған.
– 2025 жылдың 11 айында өңір тұрғындарына келтірілген материалдық залал 2 млрд 570 млн теңгеден асты. Оның 1 млрд 597 млн теңгесі өндіріліп, залалды өтеу деңгейі 62,1 пайызды құрады. Прокуратура тарапынан банктер және микроқаржы ұйымдарына қатысты тексеру жүргізген жоқ. Жалпы қылмыстарға талдау жүргізіп отыр, — деді облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Өңірде жасы ұлғайған азаматтар ғана емес, жастар да алаяқтарға алданып жатыр. Мысалы, былтыр 18-20 жас аралығындағы 60-тан аса азамат, 21-29 жас аралығындағы 450-ге жуық атыраулық пайдакүнемдерге тап болған. 30-39 жас аралығындағы жәбірленушілердің саны 700-ге жуықтаса, 40 жастан жоғарылар 940-тан асады.
Полицейлердің сөзінше, интернет алаяқтар жалған инвестициялық платформалар арқылы тұрғындарды алдап-арбауға көшкен. Олар айласын асыру үшін халықты өз банк карталарын толтыруға көндіріп, алдын ала қолдарына түскен карта деректерін пайдаланады. Сөйтіп, қаражатты түгел шешіп алады. Сондықтан полицейлер білім беру ұйымдары мен жоғары оқу орындарында жастарға арналған түсіндіру жұмыстарын күшейтіп жатыр.



