2025 жылы шымкенттіктер балаларына қандай ерекше есім қойды
Шымкентте өткен жылы жаңа туған сәбилерге қойылған ерекше есімдер аталды.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Шымкент қаласы бойынша филиалының мәліметінше, 2025 жылы қалада 7 335 неке тіркелсе, дүниеге келген балалар саны 26 713-ке жетті. Ал 2024 жылы 7 434 неке тіркеліп, 28 645 сәби дүние есігін ашқан.
– 2025 жылдың соңына қарай ұл балалар арасында Арусұлтан, Ақселеу және Хақназар, ал қыз балалар арасында Сағым, Сүйкімді және Нұрана есімдері ерекшеленді. Ал ұл балаларға қойылатын ең танымал есімдердің қатарында Тәуке мен Керей бар, бұл тарихи есімдер 20-дан астам рет тіркелген, – делінген ведомствоның ұсынған ақпаратында.
Еске сала кетсек, филиалда туу туралы куәлік алу және некені тіркеу бойынша өтінімді онлайн түрде беруге болады. Сондай-ақ, некені тіркеуге өтінімді дәстүрлі түрде таңдалған күнге дейін кемінде 15 күн бұрын АХАТ бөлімінде рәсімдеу керек. Азаматтардың ыңғайлылығы үшін некеге салтанатты түрде көшпелі тіркеу қызметі де ұсынылады.



