Қоғам
Trending

Өскеменде ұландықтар ардагерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады

Ұлттық ұланның 3477 әскери бөлімі Ұлы Отан соғысының тыл ардагері Светочева Анастасия Павловнаны жаңа жыл мерекесімен құттықтады. 

Ғасырдан асқан ардагердің Ұлы Жеңіске қосқан баға жетпес үлесі және соғыс жылдарындағы еткен еңбегі -кейінгі ұрпаққа үлгі өнеге.  «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімнің штаб бастығы подполковник Денис Шемет Анастасия Павловнаны жаңа жыл мерекесімен құттықтап, сыйлықтар табыстады. Аяз ата мен ақшақарға айналған әскерилер мереке көркін одан сайын қыздыра түсті.

— Жаңа жыл мерекесі балғын балақайларға ғана емес, көнекөз қарттар үшін де айтулы мейрам. Олар ескі жылдан сабақ алып, жаңа жылға жаңа арманмен  аяқ басады. Жүзден асқан ардагермен әрдайым тығыз қарым-қатынастамыз. Кез келген атаулы мерекені шаңырағына бас сұқпай, атап өтпедік. Әрқашан, кейуананың жай-күйін біліп, құрмет таныту  біздің әскери бөлімнің дәстүріне айналған, — дейді 3477 әскери бөлімінің штаб бастығы Денис Шемет.

Анастасия Павловна ғасырдан асқан жасына қарамастан, әлі де тың әрі өзін сергек ұстайды. Ол барша әскери ұжымға керемет мерекелік көңіл сыйлағандары үшін алғысын айтты. Жасамыс «мен өткерген сұрапыл жылдарды емес, менің ұзақ жасымды сендерге берсін» деп әскерилерге ақ тілектерін жаудырды.  Еске салайық, ардагер «Ленинградты қорғағаны үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияныжеңгені үшін», 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталған.

TuraNews

Back to top button