Басты

Алматыда шахматтан әлем чемпионаты басталды

25 желтоқсан жексенбі күні, Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайын  бір апта бойы дүбірге бөлейтін шахматтың рапид және блицтен жекелей сында өтетін әлем чемпионаты жалауын желбіретіп, салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Turanews.kz, Қазақстандық шахмат федерациясы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлемнің таңдаулы  шахматшылары мен дүниежүзінің үздік гроссмейстерінің басын тоқайластырған  айтулы аламанның ашылу рәсіміне  Мәдениет және спорт  министрі Дәурен Абаев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев,  Халықаралық шахмат федерациясының президенті (ФИДЕ)  Аркадий Дворкович, Қазақстан шахмат федерациясының  вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов  сөз сөйлеп, әлем чемпионатына қатысушыларға сәттілік тіледі.

Қазақы дәстүр, ұлттық жөн-жоралғы жолымен ФИДЕ-нің президенті Аркадий Дворкович пен соңғы он жылдықта әлем чемпионы деген атағын сәтті қорғап келе жатқан дүниежүзінің үздік гроссмейстері норвегиялық Магнус Карлсеннің иығына оқалы шапан жауып, сый-құрмет көрсетілді. Сонымен қатар өзге де көш бастаушы шахматшыларғы кәдесыйлар салтанатты түрде табыс етілді.

26-28 желтоқсан аралығында рапидтен тартыс өтсе, 29-30 желтоқсан күндері блиц ойынының үздіктері анықталады.

Халықаралық шахмат федерациясының үлкен қолдауымен, Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырған әлем чемпионы Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы қаласының әкімдігінің демеуімен жүзеге асады. Жүлде қоры қомақты, әлем чемпионатының бас серіктес демеушісі Freedom Finance  бәйгеге жалпы сомасы 1 миллион АҚШ долларын бөліп отыр. 

Әлем чемпионатын тамашалау үшін билетті арнай сервистерден де онлайн сатып алуға болады. балаларға кіру тегін. Ғаламдық доданың кестесін  worldrapidandblitz2022.fide.com сайтынан көруге болады.

TuraNews

Back to top button