
Шығыс Қазақстан облысында колледждер арасындағы еріктілердің облыстық «Таза бастама» слёті өтті. Іс-шара өңірдегі еріктілер қозғалысын дамытуға және жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталды.
Іс-шараны ұйымдастырушылар — Шығыс Қазақстан облысының Білім басқармасы, Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжі және Ұлан ауданының Жастар ресурстық орталығы.
Слёттің салтанатты ашылуында Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжінің директоры Оралбек Оспанов құттықтау сөз сөйлеп, еріктіліктің жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастырудағы маңызын атап өтті.
Слёт аясында колледждердің еріктілік қызметіндегі үздік тәжірибелермен алмасуға арналған диалогтық алаң ұйымдастырылды. Сонымен қатар өңірдегі ең белсенді еріктілік ұйымдар, жасақ жетекшілері мен колледж еріктілерін анықтау және ынталандыру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шара барысында студенттер мен еріктілік бірлестіктерінің жетекшілерінің бастамашылдығын дамытуға, әдістемелік сауаттылығын арттыруға, жастарды еріктілер қозғалысына белсенді қатысуға ынталандыруға, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер, ұйымдар және үкіметтік емес ұйымдар арасындағы тиімді ынтымақтастықты қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді.
Слёт бағдарламасы аясында келесі жұмыс алаңдары жұмыс істеді:
«Ерекше қажеттіліктері бар адамдармен өзара іс-қимыл ерекшеліктері»;
«Қазіргі заманғы жасөспірімдерге арналған білім беру еріктілігі»;
«Birgemiz: Qamqor».
«Birgemiz: Qamqor» алаңы аясында «Таза Қазақстан» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді.
Іс-шара қорытындысы бойынша «Ашық жүрек» байқауының жеңімпаздары Шығыс Қазақстан облысының Жастар ресурстық орталығының грамоталарымен келесі номинациялар бойынша марапатталды:
«Үздік ерікті»;
«Еріктілік бойынша үздік жоба (бағыттар бойынша)»;
«Еріктілер қозғалысының үздік жетекшісі».
Облыстық слёттің өткізілуі еріктілер қозғалысын дамытуға, жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға және алдыңғы қатарлы тәжірибелермен алмасуға бағытталған маңызды қадам болды.



