СаясатЭкономика

Жеке кәсіпкерлікке қайтарымсыз субсидия беруді тоқтату керек — Сабильянов

Кәсіпкерлік субъектісі қызметін тоқтатқан жағдайда мемлекеттен алған қолдауды толық көлемде қайтаруға міндеттеу керек. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нұртай Сабильянов айтты.

— Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан әсер беруге тиіс. Мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлік субъектілері өз қызметін тоқтатқан жағдайда, кәсіпорын, оның құрылтайшылары мен акционерлері көрсетілген мемлекеттік қолдауды толық көлемде мемлекетке қайтаруды міндеттеу керек, — деді ол.

Мәжіліс депутатының айтуынша, Үкімет экономиканы дамыту мақсатында жеңілдетілген несие беру жүйесін қалыптастыруы қажет.

— Атап айтқанда, кәсіпкерлік субъектілеріне жылдық 8–10 пайыз мөлшерлемемен несие беру тетігін енгізу керек. Қайтарымсыз субсидия беру тәжірибесін тоқтату қажет. Себебі соңғы 3,5 жылда бизнес субъектілерін қолдау мақсатында бюджеттен банктердің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға 686 млрд теңге жұмсалған. Жоғары аудиторлық палата жүргізген мемлекеттік аудит уәкілетті органдардың, даму институттарының, әкімдіктердің жұмысында кемшіліктер бар екенін көрсетті. Оны жойып, қатемен жұмыс істеу керек, — деді Нұртай Сабильянов.

Айта кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Жоғары аудиторлық палатаның жеке кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне қатысты есебін тыңдап отыр.

 

Via
Kazinform

TuraNews

Back to top button