IT мамандарға арналған 1 млрд: Қарағандыда технология марафоны басталды
Қарағандыда «Террикон алқабы» ІТ хабының алаңында Мining day технологиялық марафоны өтіп жатыр. Оған 40-тан астам IT компания өкілдері жиналды. Іс-шараның жүлде қоры – миллиард теңге, деп хабарлайды Turanwes.kz, ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Командалар өнеркәсіпке цифрлық технологияны енгізуге бағытталған өз жобаларын таныстыра отырып, қатты пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу саласындағы сегіз кейстің бірі бойынша міндеттерді шешуі тиіс.
Бір міндетті шешуге 320 миллион теңгеге дейін грант беріледі. Презентациядан кейінгі ең үздік жобаларды қазылар алқасы анықтайды.
Марафонның ашылуына Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысты. Ол қатысушыларға сәттілік тіледі.
Prometeo Chain System KZ Ltd командасы марафонға Астанадан келген.
Компания өндірістік кәсіпорындар үшін жаңартылған позициялау жобасын ұсынды.
Ол персоналдың немесе жабдықтың, жылжымалы техниканың орналасқан жерін жер бетінде де, жер астында да бірнеше сантиметрге дейін дәл анықтауға мүмкіндік береді.
«Өндірісте біз белгілі бір нысанның орналасқан жерін аймақ бойынша анықтауға мүмкіндік беретін әртүрлі бағдарламаларды қолданамыз. Нысанның қай жерде екенін білесіз, бірақ орналасқан жерін сантиметрлік дәлдікпен және оның биіктігін білмейсіз. Біз ұсынатын технологияның арқасында шартты түрде адамның орналасқан жерін, оның координаттарын ғана емес, сонымен қатар оның биіктігін де анықтауға болады. Бұл — жоғары дәлдіктегі навигация. Жобамыздың жеке шешімдерін сатамыз және олар Италия, АҚШ және Қытай өндірістерінде қолданылады. Өйткені, позициялаудан басқа, біз берілетін деректерді қорғауды да ұсынамыз», – дейді команда өкілі Дмитрий Зернов.
Қарағандылық әзірлеушілер тобы кәсіпорындардың тауарлық-материалдық құндылықтарын есепке алуға мүмкіндік беретін ақылды қойма жобасын ұсынды.
«Біздің жоба, әрине, бірегей емес. Мұндай бағдарлама көптеген компанияларда енгізілген. Бірақ біздің ерекшелігіміз – бірнеше технологияны қолданамыз, симбиоз жасаймыз. Жаңасын жасамаймыз, қазіргісін жақсартамыз. Нарықта үш жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Біздің басты міндетіміз – бизнес-процестерді автоматтандыру, роботтарға күнделікті міндеттер беру және автоматтандырудың толық циклін жүргізу», – дейді «А-Бизнес Қазақстан» ЖШС басшысы Тимур Дүрмағамбетов.
Сондай-ақ қатысушылар қалдық қоймасының тереңдігін анықтау үшін цифрлық технологияның ғылыми-қолданбалы әдісін енгізу міндеттерінің шешімдерін, сондай-ақ елді мекендердің, олардың инфрақұрылымы мен көлік коммуникацияларының маңында бұрғылау-жару жұмыстарын қауіпсіз жүргізу үшін зиянды жарылыс өнімдерінің (шаң-газ бұлтының) шығарындыларын азайту және тау-кен массасының жекелеген бөліктерінің ұшу радиусын азайту жобаларын ұсынады.
«Іс-шараны ұйымдастырушы – «Террикон алқабы» ІТ Hub және біздің басқарманың қолдауымен Tech Garden брендімен әрекет ететін «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қоры. Қатысушылар цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект көмегімен сегіз кейс шешеді. Ұсынылған жобалар тау-кен металлургия саласын жаңа деңгейге шығаруға, оның ішінде процестерді автоматтандыруға, экологиялық пайда әкелуге, барынша тиімділікке қол жеткізуге және кәсіпорындарда жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Қарағанды облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасының басшысы Рустам Байжанов.
Tech Garden осындай марафондарды ай сайын өткізеді.
Марафондардың жүлде қоры да, қатысушылар саны да уақыт өте келе артып келеді.
Қазақстан бойынша марафон өткізу кезінде жалпы сомасы 16,3 миллиард теңгеге 185 жоба қаржыландырылды.