Шымкентте қоғамдық көліктің жолақысы қымбаттауы мүмкін
Шымкент қаласында 83 тұрақты маршрут бойынша күн сайын 988 автобус жолаушыларға қызмет көрсетеді. Өткен жылы қалаға 19 жаңа автобус жеткізілсе, биыл тағы 88 автобус сатып алынған, деп жазады inform.kz.
Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтың айтуынша, келесі жылы қоғамдық көліктегі жолақы тарифі қымбаттауы мүмкін.
Қазіргі уақытта жолақы ересектер үшін – 70 теңге, студенттер үшін – 50 теңге.
– Бұл жоспарда бар. Жолақы құны шамамен 120 теңге болады. Алайда, бірінші тоқсанда жолақы бағасы қымбаттамайды, – деді ол.
Бүгінде қалада күн сайын 350-370 мың жолаушы автобус қызметін пайдаланады. Басқарма басшысының айтуынша, көлік кептелісін азайтып, жолаушылар тасымалын жеңілдету мақсатында жаңа көлік жүйесін енгізу жоспарланып отыр.
– Қала аумағында трамвай мен троллейбус желісін салу мүмкін емес, себебі жол бойында көптеген коммерциялық нысандардың инженерлік кабельдері орналасқан. Оларды көшіру қомақты қаржыны талап етеді. Президенттің ірі қалаларда баламалы көлік түрлерін енгізу жөніндегі тапсырмасы аясында қазіргі таңда «SkyTrain» жобасы қарастырылып жатыр. Аталған жобаға Түркия мен Қытай компаниялары қызығушылық танытты. Қаржылық мүмкіндіктері зерделеніп, бюджетке сәйкес келген жағдайда жоба іске асырылады, – деді ол.
Қазіргі таңда қалада қатынайтын автобустардың 132-сі – 3 жылға дейінгі, 973-і – 7 жылға дейінгі, ал 45-і – 7 жылдан асқан көліктер санатына жатады.



