Енді Қырғызстанға келетін шетел азаматтары өз қызметін резидент-карта негізінде жүзеге асыратын болады. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық департаментінің директоры Сейтек Жумакадыр уулу БАҚ өкілдеріне арналған брифингте мәлімдеді, деп Кабар агенттігі жазды.
Ведомство басшысының айтуынша, резидент-картаға шетел азаматының жеке деректері енгізіледі.
Атап айтқанда, картада мынадай мәліметтер болады:
- шетел азаматының аты-жөні;
- денсаулық жағдайына қатысты көрсеткіштер;
- жалақы мөлшері;
- салықтық аударымдар;
- шақырушы тарап пен жұмыс беруші туралы ақпарат.
Сонымен қатар резидент-карта банктік карта қызметін де атқарады.
Сейтек Жумакадыр уулуның сөзінше, резидент-карталар жүйесі елдің және шетел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әзірленген. Бұдан бөлек, бұл бастама бюрократиялық рәсімдерді азайтуға және уақыт үнемдеуге бағытталған.
— Бір жағынан, елімізге кім келіп, қайда жұмыс істеп жүргенін білуіміз қажет. Екінші жағынан, шетел азаматтарының өз қауіпсіздігіне де баса назар аударуымыз керек, — деді ол.
Іс-шара соңында Консулдық департаменттің директоры Қырғызстанда жұмыс істеп жүрген шетелдік компания қызметкерлеріне алғашқы резидент-карталарды табыстады.



