ӘлемҚоғам
Trending

Аланьяда Қазақстан мен Түркия туларын құрметтемеу дерегі бойынша екі әйел ұсталды

Түркияның Аланья қаласында әлеуметтік желіде кеңінен тараған бейнероликке байланысты Қазақстан мен Түркияның мемлекеттік туларын құрметтемеу фактісі бойынша екі әйел ұсталды. Бұл туралы NewTimes.kz агенттігі жазды, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Бейнежазбада жылжымайтын мүлік компаниясының қызметкері үстел үстінде тұрған Түркия мен Қазақстан туларын қолымен ысырып жібергені көрінеді. Көпшілік бұл әрекетті мемлекеттік рәміздерге деген құрметсіздік ретінде қабылдады. Оқиға екі елде де қоғамдық резонанс тудырды.

Түркияның құқық қорғау органдары видеода бейнеленген тұлғаларды анықтап, 37 жастағы Ресей азаматын және 32 жастағы Қазақстан азаматын ұстады. Әйелдер сотқа жеткізілді. Олардың айтуынша, тулар әдейі емес, кеңсе иесінің кенеттен келуінен абдырап, үстелге тиіп кеткендіктен құлап кеткен.

Прокуратура күдіктілерді қамауға алу туралы өтініш жасағанымен, сот оларды елден шығуға тыйым салу шартымен бостандыққа жіберді.

Әлеуметтік желі қолданушылары бұл мәселеге қатысты түрлі пікір білдірді. Бірі Түркияның мемлекеттік рәміздерді қорғаудағы ұстанымын қолдаса, енді бірі видеоны әзіл ретінде түсіндіріп, қорлау ниеті болмағанын алға тартты.

Айта кетейік, бұған дейін Каппадокияда туристің Түркия туы ілінген бағанада би билеген видеосы да қоғам наразылығын туғызып, қылмыстық іс қозғалған болатын.

Түркияда мемлекеттік рәміздерді қорлау Қылмыстық кодекспен қатаң жазаланады. Мемлекеттік туды көпшілік алдында қорлау 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғуы мүмкін.

 

TuraNews

Back to top button