
Астанада түркі халықтарының тарихын, тілдерін, әдебиеті мен мәдениетін зерттеуге бағытталған халықаралық ғылыми ұйым – Түркі академиясының 15 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды TuraNews.kz порталы Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Мерекелік жиынға мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ түркология саласындағы жетекші ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Құттықтау сөз сөйлеген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Түркі академиясының 15 жылдығы түркі әлеміндегі ғылыми, мәдени және рухани ынтымақтастықтың нығаюын көрсететін маңызды кезең екенін атап өтті. Ол Академияның түркі елдерінің ортақ гуманитарлық және зияткерлік кеңістігін қалыптастырудағы үлесін ерекше бағалады.
Түркі академиясы 2010 жылы Қазақстан Республикасының бастамасымен құрылып, 2022 жылдан бастап толыққанды халықаралық ұйым ретінде қызметін жалғастырып келеді. Қазіргі таңда Академияның мүшелері – Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түркия. Венгрия мен Өзбекстан бақылаушы мәртебесіне ие.
Академияның негізгі мақсаты – түркі тілдерін, әдебиеті мен мәдениетін сақтау, дамыту және кеңінен дәріптеу бағытындағы ғылыми зерттеулерді үйлестіру. Сондай-ақ ұйым ғылым мен білім беру саласындағы түркі әлемінің интеграциясын нығайтуға үлес қосып келеді.
Мерейтойлық іс-шара барысында Түркі академиясының осы уақытқа дейінгі қызметінің қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған ғылыми және білім беру саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары белгіленді.



