Қазақстандық теннисшілер Түркиядағы турнирдің ширек финалына шықты
Қазақстандықтар Асылжан Арыстанбеков мен Іңкәр Дүйсебай жұптық сында Анталия (Түркия) ITF W15 турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды TuraNews.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Жарыстың 4-ракеткалары болып тіркелген қазақстандық жұп бастапқы кездесуінде украиналық апалы-сіңлілі Серафима — София Васильеваны 6:0, 6:0 есебімен тас-талқан етіп ұтты.
А.Арыстанбекова — І.Дүйсебай жартылай финалға шығу үшін мажарстандық Мелинда Биро — аустриялық Клаудиа Гаспаровичпен таласады.
Тағы бір қазақстандық дуэт Амира Қазтуған — Яна Ким алғашқы айналымда түркиялықтар Минел Наз Кайнак — Зейнеп Полатқа жол берді — 2:6, 0:6.
Жекелей сында іріктеу сайыстарында алты қазақстандық теннисшінің арасынан А.Арыстанбекова ғана финалдық бәсекеге дейін жетті. Бірақ іріктеудің финалында ол марокколық Айе Эль Ауниге есе жіберді — 2:6, 1:6. Соған қарамастан, қазақстандық теннисші негізгі жарысқа жолдама алды. Онда бастапқы айналымда жапониялық Нанари Катсумимен шеберлік таластырады.



