
Еңбек сотының шешіміне сәйкес, ПСЖ тез арада Килиан Мбаппаға 61 миллион еуро төлеуі керек, деп хабарлайды RMC SPORT.
Спортшы ПСЖ футбол клубымен былтыр қош айтысқан. Ол келісімшарт мерзімі аяқталмай тұрып төленбеген үш айлық жалақысы, бонустары мен ақылы еңбек демалыс үшін төлемін талап еткен. Енді футбол клуб бұрынғы ойыншысына толық соманы тез арада төлеуі қажет.
— Біз 18 айдан бері қолдан келгеннің бәрін жасадық. Бұл шешім біз үшін жеңіс. Мұның бәрі жеке мәселе емес. Бұл жай ғана принцип. Сіз өз жұмысыңыз үшін ақы аласыз, сол секілді, — деді ойыншының адвокаттары.
Шешім шыққаннан кейін көп ұзамай ПСЖ мәлімдеме жариялады.
— «Пари Сен-Жермен» Париж өнеркәсіптік трибуналының шешімін мойындайды. Қайта шағымдану құқығын сақтай отырып, шешімді орындауды мойнына алады. Пари Сен-Жермен әрқашан адал әрекет етті және бұл ісін жалғастыра береді. Енді клуб ойыншыға мансабының соңына дейін жақсылық тілейді, — делінген мәлімдемеде.



