Экономика
Trending

Ұлытау облысында «Отбасылық ферма» жобасының іске асырылу барысы тексерілді

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков жұмыс сапарымен Жаңаарқа ауданына барып, «Отбасылық ферма» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан жобалардың барысымен танысты. Бұл бағдарлама өңірдегі ауыл шаруашылығын дамытуға, ірі қара мал басын көбейтуге, агроөнеркәсіптік кешендерді жаңғыртуға және ауылдық жерлердегі әлеуметтік-экономикалық дамуға бағытталған маңызды мемлекеттік жоба болып табылады.

Орынбай ауылында қазіргі таңда 700 млн теңге көлемінде инвестиция құйылып, жаңа агрокешеннің құрылысы жүргізілуде. Жобаның аумағында қора-жайлар, әкімшілік ғимарат, жұмысшыларға арналған тұрғын үйлер, мал бордақылау алаңы салынуда. Сонымен қатар өндірістік тиімділікті арттыру мақсатында заманауи техникалар сатып алынып, ауыл шаруашылығы өндірісін автоматтандыру және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Кешен аумағында облыста алғаш рет мал суаруға арналған жаңа, заманауи құрылғы орнатылған, бұл технологиялық жаңалық малдың денсаулығын сақтау мен өндірістік тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Бидайық ауылдық округіндегі «Берікбол» шаруа қожалығы да «Отбасылық ферма» жобасы аясында ірі қара мал басын көбейту және бордақылау жұмыстарын жалғастыруда. Жобаның мақсаты — қазіргі заманғы технологияларды қолдану арқылы тұқымды көбейту, бордақылау және сатуға арналған тиімді өндірістік базаны қалыптастыру, бар инфрақұрылымды жаңғырту және толық өндірістік циклды қамтамасыз ету.

Сапар барысында облыс басшысы мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың ауыл шаруашылығын дамытудағы маңызды мүмкіндік екенін атап өтіп, келесі тапсырмаларды берді:

  • бөлінген қаражатты тиімді және мақсатты пайдалану;
  • «Отбасылық ферма» жобаларының жүзеге асу барысын ай сайынғы график бойынша жүйелі мониторингтеу;
  • инвестицияның игерілу тиімділігі туралы толық әрі нақты есепті тұрақты түрде ұсыну;
  • орнатылған мал суару құрылғысының жұмысын тексеру және оны басқа шаруашылықтарда қолдану мүмкіндігін қарастыру.

Бұл жоба арқылы өңірде ауыл шаруашылығы саласының дамуы, өндірістік инфрақұрылымның жаңғыруы, жаңа технологияларды енгізу және әлеуметтік маңызы бар жұмыс орындарының құрылуы қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, жобаның нәтижесінде ауылдық жерлердегі экономикалық белсенділік артып, жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсарады.

TuraNews

Back to top button