ӘлемТуризм
Trending

Стамбул хикаясы: Жаңа сериал көрерменге жол тартты

Түркияның ресми туризм платформасы GoTürkiye халықаралық көрермендерге Түркияның мәдени байлығын заманауи форматта таныстыру жұмыстарын жалғастыруда.

Агенттіктің төртінші мини-сериалы – «An Istanbul Story» (Стамбул хикаясы) 10 бөлімнен тұрады және YouTube платформасында жарық көрді.

Ay Yapım студиясы («Қара махаббат», «Чукур», «Эзель» және т.б.) түсірген жобаның басты рөлдерін танымал актерлер Озан Акбаба мен Синем Үнсал сомдайды.

Оқиға бір жобада бірге жұмыс істеуге мәжбүр болған, бастапқыда тіл табыса алмаған екі актер – Дұру мен Сәлімнің (Duru men Selim) қарым-қатынасы төңірегінде өрбиді. Уақыт өте келе олардың арасындағы сезім тереңдей түседі.

Шығыс пен Батыс түйіскен сахна – Стамбұл

Сериалдың ең әсерлі және маңызды тұсы – Стамбұл қаласының өзі. Қала мұнда жай ғана фон емес, оқиғаның ажырамас бөлшегіне, тіпті кейіпкеріне айналған. Түсірілім Бейоғлы, Нишанташы, Галата Куледибі (мұнарасының айналасы), Босфор жағалауы және Киречбурну сияқты көрікті аудандарда өткен. Көне тарих пен заманауи өмір қатар өрілген мегаполис кейіпкерлердің сезімін тереңдетіп, оқиғаға айрықша реңк береді.

Жоба Түркияның Туризмді ілгерілету және дамыту агенттігінің (TGA) бастамасымен әзірленген. Сериал Стамбұлдың эстетикалық қабаттарын, мәдени әртүрлілігін және космополит рухын кино тілінде шеберлікпен көрсетуді мақсат етеді.

Жобаның режиссері – халықаралық деңгейде танымал Хилал Сарал, ал сценарийін заманауи әңгімелеу стилімен көзге түсіп жүрген жас автор Кемал Хамамджыоғлу жазған. Авторлар сериалдың мәнін бір сөйлеммен былайша түйіндейді: «Ұмытылмас оқиғалар кез келген жерде бола бермейді».

2025 жылы Wanderlust Reader Travel Awards сыйлығында «Еуропаның ең тартымды қаласы» атанған Стамбұл бұл сериалда тағы бір мәрте өз сиқырын дәлелдейді. «An Istanbul Story» – қалаға ғашық болғысы келетіндерге арналған жаңа визуалды саяхат.

TuraNews

Back to top button