БастыЭкономика
Trending

2028 жылға қарай Қазақстан май өнімдері экспортын 1 млрд долларға дейін жеткізуді жоспарлап отыр

Астанада 2026–2028 жылдарға арналған май өнімдері экспортының даму жөніндегі Жол картасы таныстырылды, деп хабарлайды BasAgro.kz.

Дөңгелек үстелге ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы, мемлекеттік органдардың өкілдері, өңдеушілер, экспорттаушылар, салалық қауымдастықтар мен халықаралық серіктестер қатысты.

Вице-министрдің айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанның май саласы елдің азық-түлік қауіпсіздігінің негізгі құрамдас бөліктерінің бірі.

Соңғы жылдары майлы дақылдар егіс алаңы екі есе артып, 3,9 млн гектарға жетті, өңдеу көлемі 12%-ға өсіп, 700 мың тоннадан асты, экспорт 29%-ға артып, 582 мың тоннаны құрады.

«Өңдеуге инвестицияларды субсидиялау, айналым қаражатына қолжетімділікті қамтамасыз ету саланың тұрақтылығын сақтап, одан әрі кеңеюіне мүмкіндік берді. Қолдау шараларының арқасында Қазақстан күнбағыс майын экспорттау бойынша әлемнің үздік ондығына кірді, Еуропалық Одақ елдеріне күнбағыс шротының жеткізілімі бойынша 3-орында. Біз Орталық Азия өңірін күнбағыс шротымен және күнжарамен толық қамтып отырмыз. Бұдан әрі дамудың әлеуеті зор. Майлы дақылдар егіс алқаптарын ғылыми негізделген түрде 5 млн гектарға дейін ұлғайтуымыз керек, бұл бізге күнбағыс майын экспорттау бойынша әлемдік жетекші үш елдің қатарына кіруге мүмкіндік береді», — деді Ермек Кенжеханұлы.

gov.kz

Мемлекет басшысының ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу үлесін 70%-ға дейін арттыру, импортқа тәуелділікті төмендету және дайын өнім экспортын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Халықаралық сауда орталығы (ITC), Майлы дақылдар өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы және «QazTrade» АҚ-ның қатысуымен Жол картасы әзірленді.

Құжат саланың экспорттық әлеуетін 1 млрд долларға дейін арттыруға, өткізу нарықтарын кеңейтуге және қосылған құны жоғары өнімнің терең өңделуін ынталандыруға бағытталған.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Жол картасы іс-шараларын үйлестіру және мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылын нығайту үшін мемлекеттік-жекешелік платформа құру туралы шешім қабылданды.

 

TuraNews

Back to top button