Тұрғын үйдегі өрт cалдарынан бір бала қаза тапты

Астанада Абылай хан даңғылындағы тұрғын үйлердің бірінде болған өрт салдарынан 11 жастағы қыз қаза тапты, деп хабарлайды КТК.
Тұрғын үйлердің бірінде кішкентай баланың подъезге сіріңке тастап, сыртқа шығып кеткені бейнебақылауға түскен. Салдарынан өрт шығып, бір адам қаза тапты. Ал құтқарушылар түтінге толы подъезден 50-ге жуық адамды эвакуациялаған. Оның ішінде жеті бала бар.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, кейбір тұрғындар түтінге тұншығып, есінен танып қалған. Ал әже мен балалар қауіптен қашып, биіктіктен секіріп, алаңға құлаған. Қазір төрт бала ауруханада, ал әже комада жатыр.
Барлық зардап шеккендер көмірқышқыл газынан уланып, ауруханаға жеткізілген. 2014 жылы туған бір баланың жағдайы аса ауыр болды. Дәрігерлер қолдан келген көмекті көрсеткенімен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ақбаян Арапшаеваның мәліметінше, қазіргі таңда үш баланың жағдайы жақсарып, олар тиісті бөлімшелерге ауыстырылып жатыр. Бір баланың жағдайы әлі де ауыр, ал бір ересек адамның жағдайы тұрақталып келеді.
Оқиғаның нақты себебі анықталып жатыр, тиісті органдар тергеу жұмыстарын бастады.



