Қоғам
Trending

Шымкентте үй тазалауға келген әйелді аяусыз өлтірген жасөспірім сотталды

Шымкентте үй тазалауға келген әйелді өлтірген жасөспірім 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды TuraNews.kz сайты inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында адам өлтіруде (ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігі), өлген адамның мәйітін қорлауда (ҚК-нің 314-бабының 1-бөлігі), ұрлықта (ҚК-нің 188-бабының 1-бөлігі) айыпталған кәмелет жасына толмаған А.-ға қатысты қылмыстық іс жабық сот отырысында қаралды.

Сотта анықталғандай, кәмелет жасына толмаған А. 2025 жылғы 21 шілдеде Telegram әлеуметтік желісінде үйді тазалап беретін қыз-келіншектер қажет екені туралы жарнама жариялаған. Жәбірленуші осы жарнама бойынша хабарласып, сол күні үйді тазалап, келіскен еңбек ақысын сұраған. Алайда, А. осы еңбек ақыны төлемеу мақсатында  жәбірленушіні өлтіріп, оның ұялы телефонын ұрлаған.

Кәмелетке толмаған сотталушының кінәсі, өзінің, жәбірленушілердің, куәлердің жауаптарымен, сараптама тұжырымдарымен, заттай дәлелдемелермен дәлелденеді.

Сот жаза тағайындаған кезде сотталушының қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның жасы кәмелетке толмағанын және істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіргенін таныды. Іс бойынша сотталушының қылмыстық жауапкершілігін ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

Сонымен қатар, сот Қылмыстық кодекстің келесі талаптарын ескерді: — кәмелетке толмағанға бас бостандығынан айыру 10 жылдан аспайтын мерзiмге тағайындалуы мүмкiн (ҚК-нің 81-бабының 7-бөлігі). Жеңiлдететiн мән-жай болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, адам өмiрiне қолсұғушылыққа байланысты ауыр қылмыс жасалған кезде жазаның жоғары мерзімнің 3/4 бөлігінен, яғни 7 жыл 6 айдан асыруға болмайды (ҚК-нің 55-бабы 2-бөлігінің 3) тармағы).

«Осылайша, сот А.-ны ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігімен, ҚК-нің 188-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған қылмыстардың жиынтығы бойынша 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. А.-ның ҚК-нің 314-бабының 1-бөлігімен («Өлген адамдардың мәйіттерін және олар жерленген жерлерді қорлау») кінәсі дәлелденбеуіне байланысты ол осы баппен кінәсіз деп танылды. Тағайындалған жазаны өтеу кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған ҚАЖ-нің орташа қауіпсіз мекемелерінде белгіленеді», – деп хабарлады қалалық сот.

TuraNews

Back to top button