Жезқазғанда тұрғындарға құқықтық көмек көрсету арқылы мемлекеттік органдардың қызметі түсіндірілді

31 қазан күні Қазақстанның барлық өңірлерінде бір мезгілде «Халық заңгері» атты республикалық акция өтті. Аталған шараның мақсаты – халыққа тегін құқықтық көмек көрсету, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара сенімді нығайту болып табылады.
Жезқазған қаласында акция Абай көшесі, 140 мекенжайында орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығының №2 бөлімінің ғимаратында ұйымдастырылды. Іс-шара барысында заңгерлер, адвокаттар және мемлекеттік органдардың өкілдері қала тұрғындарына еңбек, тұрғын үй, әлеуметтік қорғау, отбасылық қатынастар, кәсіпкерлік және өзге де құқық салалары бойынша тегін консультация берді.
Акция барысында азаматтар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, кәсіби жауаптар алды. Сонымен қатар, тұрғындар іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, мұндай жобалардың қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыруға және мемлекеттік органдардың қызметін түсіндіруге зор үлес қосатынын айтты.
«Халық заңгері» акциясының ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі, Бас прокуратурасы, мемлекеттік билік органдары, Zakon.kz желілік басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, Республикалық адвокаттар алқасы, сондай-ақ еліміздің үздік заңгерлері мен адвокаттары.
Шара соңында тұрғындар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, көрсетілген көмек пен пайдалы кеңестер үшін ризашылықтарын жеткізді. Бұл акция Жезқазған қаласының тұрғындарына мемлекеттік органдардың жұмысын түсінуге, құқықтық сауаттылықты арттыруға және қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға мүмкіндік берді.



