Қоғам

Шығыс Қазақстанда құтқарушылар «Қауіпсіз үй» акциясы аясында күш біріктірді

Профилактикалық акцияның мақсаты – тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру.

Қауіпсіздік ережелері сақталмайтын үйлерде, әсіресе жылыту маусымы келгенде, тұрмыстық өрттердің саны көбейеді. Ахуалды тұрақтандыру үшін ТЖД қызметкерлері мен полицейлер тұрғын үйлерді аралап, пештер мен электр құралдарын пайдалану қағидалары бойынша нұсқаулықтар жүргізеді. Ерекше назарда – әлеуметтік осал отбасылар. Өрт шығу қаупі жоғары және көміртегі тотығымен улану қаупі бар үйлерге арнайы датчиктер орнатылды. Жылыту маусымы басталғалы бері 32 мыңнан астам үй араланып, 12 568 бұзушылық анықталды. Олардың ішінде: дер кезінде тазаланбаған мұржалар, зақымданған немесе тозығы жеткен электр құралдарын пайдалану, ұшқын шығаратын розеткалар бар.

Рейд барысында полицейлер асоциалды өмір салтын ұстанатын азаматтардың тұратын орындарын анықтап, олармен тиісті жұмыстар жүргізеді. Өйткені, өрт құрбандарының арасында көбінесе спирттік ішімдікке әуестенетін, темекі шегу кезінде отты абайсыз пайдаланатын адамдар жиі кездеседі.

«Анықталған бұзушылықтар бойынша біз оларды жою жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. Өрттердің алдын алу және көміртегі тотығынан улану жағдайларын болдырмау үшін көп балалы және аз қамтылған отбасылардың үйлерінде пештерді жөндейміз, қарт адамдарға мұржаларын тазалауға көмектесеміз, көміртегі тотығы датчиктерін орнатамыз», – деді ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.

«Қауіпсіз үй» акциясы өрттердің алдын алуға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруды, ұйымдар мен қызметтердің, сондай-ақ халықтың күшін біріктіруді көздейді. Бұл шара тұрғындарды өрттен және көміртегі тотығымен уланудан қорғауға бағытталған.

TuraNews

Back to top button