
Ұлытау облысында тұрғындарға қолжетімді бағада азық-түлік өнімдерін ұсынатын тағы бір әлеуметтік сауда бұрышы өз жұмысын бастады. Жоба «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен жүзеге асырылып, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған.
Жаңа сауда нүктесі Жезқазған қаласында, Анарқұлов көшесі 9В мекенжайында орналасқан «Жанұя» шағынмаркетінде ашылды. Мұнда тұрғындарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарықтық бағадан төмендетілген бағамен ұсынылады. Бұл қадам жергілікті тұрғындардың күнделікті қажеттіліктерін қанағаттандыруға, сапалы және қолжетімді өнімдерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Жезқазған және Сәтбаев қалаларында да осындай әлеуметтік бұрыштар жұмыс істеп тұр.
Сонымен қатар, өңірде әлеуметтік бағыттағы сауда нүктелерін көбейту мақсатында басқа кәсіпкерлермен де келісімдер жүргізілуде. Бұл шаралар өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.
Ұлытау облысының әкімдігі мен «Ұлытау» ӘКК алдағы уақытта да осындай әлеуметтік жобаларды іске асыру арқылы өңір халқының әл-ауқатын арттыруға, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға күш салмақ.



