
Қырғызстанның энергетика министрі Таалайбек Ибраев елде электр энергиясы тапшылығы болмайтынына сендірді. Ол бұл туралы Facebook парақшасында жазды.
— Қырғызстанда электр энергиясы тапшылығы болмайды. Біз жай ғана тиімді пайдалануға шақырамыз,- деді министр.
Министрдің айтуынша, Қырғызстан электр энергиясын жылдағыдай көрші елдерден 3 сом бағамен импорттайды және оны тұрғындарға 1 сом 37 тиын бағамен жеткізеді. Құн айырмашылығы тағы да Қырғызстанның Ұлттық электр желісінің балансында қарыз ретінде жинақталады.
— Осыған байланысты президент импортты азайтуды, энергияны үнемді пайдалануды және қалған 25 миллиард сом қарызды келесі жылы өтеуді тапсырды. Біз қарыздарымызды толық өтеп, келесі жылдан бастап пайда табуды жоспарлап отырмыз. Біздің жоспарымыз бойынша, 2028-2029 жылдың қысына қарай елге электр энергиясын импорттаудың қажеті болмайды, — деп мәлімдеді Таалайбек Ибраев.
Айта кетейік, Қырғызстан энергетика саласында 2023 жылдың 1 тамызынан 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін төтенше жағдай жарияланды.
2025 жылдың қыркүйегінде Қырғызстанның энергетика министрі «Кабар» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында азаматтарды алдағы ең қиын қыс туралы ескертіп, электр энергиясын үнемдеуге шақырды. Қазіргі уақытта ел өндіргеннен көп электр энергиясын тұтынады. Тапшылық көрші елдерден электр энергиясын импорттау арқылы жабылады.



