Туризм
Trending

Анталия: Ликия, Кария және Павел жолдарының жасырын ғажайыптары

Тарихы терең, табиғаты бай, түрлі өңірлері ерекше саяхат тәжірибесін ұсынатын Түркия жыл сайын әлемдік саяхат тізімдерінің алдыңғы қатарынан табылуда.

Соның айқын дәлелі – Ликия жолының жақында Ұлыбританиялық Time Out басылымында «Әлемдегі ең әдемі жаяу жүргіншілер бағыты» деп танылуы. Фетхие мен Анталияны жалғаған бұл аңыз жол саяхатшыларға табиғат, тарих және шытырман оқиғаны бір арнада тоғыстырады.

Алайда Түркияның табиғи ғажайыптары Ликия жолымен шектелмейді. Жерорта теңізі жағалауы мен Эгей өңірінде туристерге әртүрлі ландшафттарды зерттеуге, көркем ауылдар мен жасырын қазыналарды ашуға мүмкіндік беретін ондаған тарихи соқпақтар бар.

Ликия жолы/Aaron Ross

Жерорта жағалауының көркем маршруттары

Түркияның Жерорта теңізі жағалауы — бір жағында көгілдір теңіз, екінші жағында асқар Тавр таулары созылып жатқан ерекше аймақ. Осында орналасқан ең танымал бағыт – ұзындығы 500 км-ден асатын Ликия жолы, елдегі алғашқы ұзақ қашықтыққа арналған жаяу маршрут.

Бұл бағыт ежелгі Ликия қалалары – ЮНЕСКО тізіміне енген Ксанф-Летун, Олимпос, Патара және Мира арқылы өтеді. Жолай жаяу жүргіншілер Үзүмлю мен Безирган сияқты дәстүрлі ауылдарға тоқтап, сапарын Гейикбайырындағы альпинизм нүктесінде аяқтай алады.

Үзүмлю
Безирган

Тарихқа жақын саяхат іздегендер үшін Анталиядағы Әулие Павел жолы да тамаша таңдау. Бұл – Түркиядағы екінші ұзақ бағыт, әрі Әулие Павелдің миссионерлік сапарлары өткен ізді жалғайды. Перге және Көпрүлү каньонынан басталатын екі бөлек тармақ Адада қаласында түйісіп, Cittaslow мәртебесіне ие Ялваш қаласында аяқталады. Бұл – табиғи сұлулық пен рухани тарихты сезінуге мүмкіндік беретін ерекше бағыт.

Әулие Павел жолы/Tripadvisor

Эгей өңірінің тарихпен өрілген жолдары

Эгей аймағы да қоңыр салқын маусымда жаяу жүргіншілер үшін таптырмас жер. Мұндағы ең ірі бағыт – Кария жолы, Түркиядағы ең ұзын жаяу жүргіншілер маршруты (850 км).

Ежелгі кариялықтардың жүрген ізімен жүретін бұл жол төрт бөлікке бөлінеді: Бозбурун түбегі, бадамымен танылған Датча және Книдос қаласы, Гөкова шығанағындағы Акяка қаласы және Ішкі Кария аймағы (Милас, Алинда сияқты ежелгі қалалар).

Кария жолы/Tripadvisor

Измир аймағындағы Эфелер жолы, Green Destinations ұйымының «Top 100 Stories» тізіміне енген тұрақты маршрут.

28 кезеңнен тұратын бұл жол тарихи ауылдар – Бирги мен Шириндже арқылы өтеді.

Ефелер жолы
Ефелер жолы

Эгейдің ішкі бөлігінде орналасқан Фригия жолы да ерекше тарихи бағыт. Афионқарахисар, Күтахия, Ескішеһир және Анкара аумақтарын қамтитын бұл жол Фригия өркениетінің ізімен жүргізілген.

Фригия жолы

Мұнда ежелгі жартасты ғибадатханалар, Ана құдайы Кибелеге арналған ашық аспан астындағы храмдар, ЮНЕСКО тізіміндегі Гордион қаласы және Айязини ауылындағы ежелгі қорымдар бар. Шамамен 500 км созылатын бұл соқпақ соңында Ескішеһирдегі әйгілі Язылыкая (Мидас ескерткіші) кешеніне апарып жеткізеді.

Мидас ескерткіші/Iza i Jarek Miszczak

TuraNews

Back to top button