Әлем

Трамптың рейтингі рекордтық минимумға дейін төмендеді

АҚШ президенті Дональд Трамптың танымалдығы 2025 жылғы 20 қаңтардағы инаугурациясынан бергі ең төмен көрсеткішке түсті, деп хабарлайды Reuters.

Трамптың төмен рейтингтері 14–17 қараша аралығында ақпараттық агенттік пен Ipsos халықаралық қызметі бірлесіп жүргізген сауалнама нәтижелері бойынша анықталды.

Сауалнамаға қатысқан респонденттердің 38%-ы Трамптың Ақ үй басшысы ретіндегі қызметін мақұлдаған. 60% қарсы пікір білдірген.

Бұл — Трамп үшін ең төмен көрсеткіш. Қаңтар айында оның рейтингі 47% болған және содан бері 40%-дан төмендемеген. Қарашаның басында жүргізілген соңғы сауалнамамен салыстырғанда, Трамптың танымалдығы 2%-ға азайған.

Зерттеушілердің айтуынша, респонденттер елдегі бағаның өсуіне және кәмелетке толмағандарды азғындыққа тартты деп айыпталған қаржыгер Джеффри Эпштейн ісін тергеу барысына көңіл толмаушылық білдірген.

Бұған дейін хабарланғандай, қазан айында АҚШ-та Трамптың танымалдығы рекордтық минимумға түскен — америкалықтар оның елдегі өмір сүру құнына әсер ететін шешімдеріне наразы болған. Ол кезде америкалықтардың тек 40%-ы қазіргі президенттің қызметін мақұлдаған. Ал қызметін мүлде құптамайтындар үлесі 57%-ға дейін өскен.

 

 

 

Source
Kazinform

TuraNews

Back to top button