Саясат
Trending

Астанада «Ататүрік фотокөрмесі» өтті

Бүгін Астанада Түркия Республикасының тұңғыш Президенті Ғази Мұстафа Кемал Ататүріктің өмірі мен мұрасына арналған айтулы шара өтті.

Түркияда Ататүрікті еске алу күніне орай, Астанадағы Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы ҚР Қарулы күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи музейінде «Ататүрік жадымызда» атты фотокөрменің ашылу салтанатын өткізді.

Көрмеге Түрік тарих институтынан алынған, тарихи маңызы зор 40 фотосурет қойылған. Олардың арасында астаналықтар мен қала қонақтары бұрын-соңды көрмеген сирек суреттер де бар.

Мұстафа Кемал Ататүрік 1881 жылы дүниеге келіп, 1938 жылы 10 қарашада сағат 09:05-те өмірден озған болатын. Сол сәттен бастап, жыл сайын дәл осы уақытта бүкіл Түркияда бір сәтке тыныштық орнап, көшедегі барлық көлік қозғалысы тоқтайды, сиреналар соғылады. Бұл – 87 жыл бұрын дүниеден өткен Ұлы Көшбасшыға көрсетілген терең құрметтің символы.

Көрменің ашылу салтанатына Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мустафа Капуджу, ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты, ТҮРКПА Заң мәселелері жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Абзал Темірғалиұлы Құспан және Түркия Елшілігінің жас дипломаты Селви Наз Топалоғлу ханым қатысып, сөз сөйледі.

Көрменің ашылу салтанатынан кейін лента қию рәсімі болып, қонақтарға түрік дастарханынан дәм ұсынылды. Көрме 19 қарашаға дейін ашық болады.

TuraNews

Back to top button