Басты

Жас сарбаздар Отан алдында ант берді

2025 жылғы 9 қараша күні Зайсан қаласы мен Күршім ауылында ҚР ҰҚК ШҚ Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне қарасты Зайсан және Күршім аудандары бойынша Шекара басқармаларында «Күз–2025» әскери шақырылымының жас сарбаздары Әскери ант қабылдау рәсімін өткізді.

Бұл — әрбір сарбаздың өміріндегі ең маңызды әрі жауапты сәттердің бірі. Әскери ант – Отан алдындағы адалдық пен жауапкершіліктің айқын көрінісі.

Салтанатты іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, ҚР ҰҚК ШҚ ШҚО бойынша департаментінің басшылығы, Зайсан және Күршім шекара басқармаларының командирлері, сондай-ақ жас сарбаздардың ата-аналары қатысты.

Биылғы «Күз–2025» шақырылымында Астана, Шымкент қалаларынан және Алматы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан облыстарынан келген 500-ден астам жас сарбаз Отанға адал қызмет етуге серт берді.

Саптық алаңда салтанатты жағдайда өткен ант қабылдау рәсімі барысында әскери қызметтің абыройы мен жауапкершілігі туралы айтылып, жас сарбаздарға алдағы қызметтерінде табыс пен шыдамдылық тіленді.

Әскери ант – тек рәсім емес, бұл – ер азаматтың елге деген адалдығының, патриоттық сезімінің, рухани беріктігінің көрінісі. Бүгін ант берген жас сарбаздар енді Қазақстан шекарасының сенімді күзетшісіне айналды.

TuraNews

Back to top button