Жезқазған қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен мысты шаһарда «Киелі кимешек» атты көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті

Жезқазған қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Киелі кимешек» атты көрменің салтанатты ашылуы ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен мәдени мұраны сақтау бағытындағы маңызды мәдени оқиға болды. Іс-шараның мақсаты – қазақ халқының дәстүрлі киім мәдениетін таныстыру, тарихи сананы жаңғырту және өскелең ұрпақ арасында ұлттық рухты қалыптастыру.
Көрме барысында этнодизайнер, қолөнер шебері Тілек Сұлтанның бірегей кимешектер топтамасы көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, ұлттық нақыштағы киім үлгілерінен дефиле ұйымдастырылып, көрермендерге қазақ киімдерінің ою-өрнектеріндегі терең мағына, сондай-ақ жас ерекшелігіне қарай киіну мәдениеті туралы мазмұнды дәріс оқылды. Іс-шара аясында кимешек кию және шылауыш орау бойынша шеберлік сабағы өткізілді.
Көрменің негізгі мақсаты – Ұлы Дала мәдениетінің мұрагері саналатын қазақ халқының ұлттық киімінің тарихымен таныстыру, дәстүрлі киім үлгілерін жаңғырту, сондай-ақ жастардың бойында қазақы салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарға деген қызығушылықты арттыру болды.
Салтанатты рәсім барысында Жезқазған қаласының әкімі Шайжанов Қайрат Абдоллаұлы құттықтау сөз сөйлеп, көрменің идея авторы, тарихшы-этнолог, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Тұрар Саттарқызына және этнодизайнер, коллекционер, бізкесте шебері Тілек Сұлтанға ұлттық мұраны ұлықтауға қосқан еңбектері үшін алғысын білдірді.
Көрмені Ұлытау облыстық музейінің көрме залында 20 қарашаға дейін тамашалауға болады. Барша қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық киімнің ерекшеліктерімен танысып, қазақ халқының бай мәдени мұрасын көруге шақырылады.
Киелі кимешектің киесі мен көркемдігі – ұлт рухының айнасы. Бұл көрме өскелең ұрпаққа өнеге болып, ұлттық болмыс пен рухани сабақтастықты нығайтуға үлес қосары сөзсіз.


