Басты

Ұлытау облысының әкімі Үкімет отырысында есеп берді

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Үкімет отырысында сөз сөйлеп, 2025 жылдың тоғыз айындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі нәтижелерін таныстырды.

Әкімнің айтуынша, есепті кезеңде облыс экономикасында тұрақты оң динамика байқалады.

Атап айтқанда, тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 24,6%-ға артқан, бұл көрсеткіш ел бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып отыр.

Сонымен қатар, көлік және қойма шаруашылығы саласында өсім – 22,9%, құрылыс саласында – 9,3%, саудада – 4,6%, ал инвестициялар көлемі – 1% артқан. Биылғы жылы жалпы құны 28,5 млрд теңге болатын төрт ірі жоба пайдалануға берілді. Сонымен бірге, жалпы сомасы 138 млрд теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба іске асырылуда.

Бұл бастамалар 2 200 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Аймақтың индустриялық әлеуетін арттыру мақсатында Сәтбаев қаласында республикалық маңызы бар индустриялық аймақ құрылып жатыр. Қазіргі уақытта онда жалпы құны 13 млрд теңге болатын үш жобажүзеге асырыла бастады.

Ауыл шаруашылығы саласында да айтарлықтай ілгерілеу байқалады.

Үкімет пен салалық министрліктің қолдауымен жалпы сомасы 8 млрд теңгені құрайтын 11 жоба іске асырылып жатыр.

Сонымен қатар, «Отбасылық ферма» жобасы аясында ауылдық округтерде 13 мыңнан астам ұсақ мал басы сатып алынды.

Бұл бастама азаматтардың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.

Өңірде туризм саласының дамуы да ерекше қарқын алуда.
Салаға тартылған инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда жеті есеге өсіп, 1,9 млрд теңгеге жетті.

2025 жылы облысты 14 мыңнан астам турист, оның ішінде 600-ге жуық шетелдік қонақ келіп тамашалаған.
Әкімнің айтуынша, туризмді дамыту өңір экономикасын әртараптандырудың маңызды бағыты ретінде қарастырылады.

Бұдан бөлек, облыста көлік және теміржол инфрақұрылымын жаңарту және дамыту бойынша ауқымды жобалар іске асуда.

Атап айтқанда, «Жезқазған – Қызылорда» автожолын реконструкциялау, «Ұлытау – Арқалық» және «Жезқазған – Қарағанды» бағыттарын жөндеу, сондай-ақ ұзындығы 316 шақырым болатын «Қызылжар – Мойынты» теміржол желісін салу жұмыстары жүргізілуде.

Бұл жобалар өңіраралық байланысты нығайтып, инвестициялық тартымдылықты арттыруға мүмкіндік береді.

Сөзінің соңында облыс әкімі әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық бағыттары облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында екенін атап өтті.

Оның айтуынша, инвестициялық және өндірістік әлеуетті арттыру, инфрақұрылымды дамыту — облыс әкімдігінің басты басымдықтарының бірі болып қала береді.

Дастан Рыспеков сондай-ақ атқарушы органдардың, бизнес пен қоғамның бірлескен еңбегі арқылы Ұлытау облысы алдағы уақытта да тұрақты өсім мен дамуды қамтамасыз ететініне сенім білдірді.

TuraNews

Back to top button