
Шығыс Қазақстан облысының жалпы өңірлік өнімінің 40%-ы өңдеу және тау-кен өндіру салаларына тиесілі. Оның ішінде тау-кен металлургия кешені үлесінің маңызы зор, ол ЖӨӨ-нің 22%-ын және өңдеу өнеркәсібі өнімінің 70%-ын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ бұл сала облыс бойынша жалақы қорының шамамен 30%-ын құрайды (салыстырмалы түрде айтар болсақ, жылжымайтын мүлік саласында – 4%, мұнай өндіруде – 16%).
Соңғы үш жылда саладағы инвестициялар үлесі 2022 жылы 20%-дан 2025 жылы 12%-ға дейін төмендеді. Сондықтан жаңа серпін беру үшін: Жаңа-Лениногор, Долинное және Чекмарь кен орындарын игеруді жеделдету; Тұғыл ауылындағы жобалар мен «Алатау Литий» және «Крида Корпорейшн» компанияларының бастамаларын жүзеге асыру қажет.
ШҚТУ базасында қалдық сақтау орындарының карталары жасалып жатыр. Бұл жұмыстарда жасанды интеллект пен спутниктік деректер кәдеге жаратылады.
Шығыс Қазақстан атом энергетикасының орталығына айналып келеді: ҮМЗ және «Ульба-ТВС» кәсіпорындары елімізде салынатын атом электр станцияларын отынмен қамтамасыз етуге дайын. «Ульба-ТВС» бүгінде жанармай жинақтарын шығару бойынша жобалық қуатқа жетті.
Құрылыс индустриясы дамып келеді (кірпіш, газоблок, күн панельдері, құрғақ қоспалар, бояулар өндірісі іске қосылуда).
Ағаш өңдеу саласын қайта дамыту үшін Беларусь тәжірибесі зерделеніп жатыр.
Президенттің өңдеу өнеркәсібі экспортының көлемін 1,5 есеге арттыру тапсырмасы орындалды: экспорт көлемі 2,7 млрд АҚШ долларына жетті, оның ішінде жоғары технологиялық өнім экспорты – 266 млн доллар, бұл көрсеткіш 2,8 есеге артқан.



